Айдынды Арал мен қарт Қаратау арасы

934

0

Биыл Қызылорда облысының құрылғанына 85 жыл толып отыр. Арал теңізінің шығысында, Сырдария өзенінің төменгі ағысында орналасқан облыстың тарихы терең, мазмұны мағыналы, қойнауы бай.  Алаштың анасы атанған Сыр елі, яғни, Қызылорда облысы –  ұлттың, елдің қалыптасуы мен дамуында орын алған талай тарихи оқиғалардың куәсіндей киелі мекен. 

Қызылорда қаласының байырғы атауы – Қамысқала. Қаланың негізі 1817 жылы Қамысқала атты елді мекенде Қоқан хандығы салған Ақмешіт бекінісі болып қаланды. Дәлірек айтқанда, Ақмешіт Қоқан хандығының қамалы ретінде  Сырдария өзенінің сол  жағалауындағы Ташкенттен, Бұқара мен Хиуадан Атбасар арқылы Батыс Сібірге, Торғай арқылы Троицкіге, Орынбор губерниясына баратын керуен жолына салынды. 1818 жылы бекініс өзеннің оң жақ жағалауына көшіріліп, Ақмешіт қаласының іргесі алғаш қорған ретінде қаланды. Оның ішіндегі ақ кірпіштен өрілген мешіттің түсіне сай бекініс Ақмешіт деп аталды. 1853 жылы қала Перовск аталып, 1867 жылы Сырдария уезінің орталығына айналады. 1921 жылы Сырдария облысының құрамында 7 уезд – Әулиеата, Қазалы, Мырзашөл, Ташкент, Түркістан, Шымкент, Перовск болды. 1922 жылы 12 қазанда Бүкілодақтық Орталық атқару комитетінің қаулысымен Перовск уезі Ақмешіт уезі, Перовск қаласы Ақмешіт болып өзгертілді. 1924 жылғы 12 желтоқсанда Сырдария губерниясы құрылып, орталығы Шымкент болды. Сырдария губерниясының құрамына Қазалы және Қызылорда уездері кірді. 1925 жылы Қазақстанның жаңа астанасы Ақмешіт Қызылорда болып өзгертілді және 1928 жылға дейін Қызылорда қаласы Қазақ АССР-нің астанасы болды. 1928 жылы 17 қаңтарда Қазалы, Қызылорда уезі болыстары, Қарсақпай ауданы және Сырдария губерниясының 8 ауданы қосылып Қызылорда округі құрылды. Қызылорда қаласы жаңадан құрылған Қызылорда округінің орталығы болды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің қаулысымен 1938 жылы 15 қаңтарда Қызылорда облысы құрылды.

Облыс  республиканың  бірнеше өңірлермен, оның ішінде шығыс және оңтүстік-шығысында Түркістан облысымен, солтүстігінде – Қарағанды облысымен, солтүстік-батысында Ақтөбе облысымен және оңтүстік-батысында Қарақалпақстан Республикасымен, оңтүстігінде Өзбекстанның Науаи облысымен шектеседі. Жер аумағы 226 мың шаршы шақырым.   Облыс құрамына 7 аудан, атап айтқанда, Арал, Қазалы, Қармақшы, Жалағаш, Сырдария, Шиелі және Жаңақорған, Байқоңыр мен Қызылорда  қалалары кіреді.

Аумақтың негізгі бөлігі Тұран ойпатында орналасқан. Сырдарияның сол жақ жағалауында Жаңадария мен Қуаңдария өзендерінің құрғақ арналары кесіп өтетін Қызылқұм топырағының төбелері мен кең жазықтығы, оң жақ жағалауында үстірттері, құм учаскелері, сорға толы таяз шұңқырлар кездеседі. Солтүстігінде құм төбелері массивтері бар. Оңтүстік-шығыс бөлігінде Қызылорда облысының аумағына Қаратау тауының жоталары кіреді.

Сыр өңірінің  халқымыздың рухани астанасы ретінде де орны ерекше. Ақмешіттің топырағында қазақ зиялыларының ізі қалған. Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Сәбит Мұқанов, Ілияс Жансүгіров, Әбділда Тәжібаев, Сабыр Шәріпов, Қалмахан Әбдіқадыров, Асқар Тоқмағанбетовтің шығармалары Қызылордада жарық көрді.

Облыс  аумағында ертеден қалған тарихи қорғандардың орындары көп. Ордакент, Сығанақ қалалары, Жалпақасар, Жетіасар, Құмқала, Шірік Рабат асарларын құнды жәдігерлердің бірегейі десек те болады.

1925 жылдың 15 сәуірінде Ақмешіт қаласында бүкіл Қазақстан еңбекшілері өкілдерінің басын қосқан Қазақ АССР Кеңестері V съезінің ашылуы өтті. Бес күнге созылған съездің мақсаты – қазақтың тарихи дұрыс атауын қалпына келтіру еді. Күллі қазақтың V съезі Кеңестердің «киргиз» деп келген атауын «қазақ» деп өзгертуге қаулы қабылдатты. Сонымен бірге, «Киргиз Республикасын» «Қазақ Республикасы» деп өзгертуге шешім шығарған еді. Қазақ АКСР-нің астанасы болған Қызылорда қаласында 1926 жылдың 3 қазанынан бастап Қазақ радиосы өз хабарларын тұрақты түрде беріп тұрды.

Тұңғыш қазақ драма театрының шымылдығы Қызылордада түрілді. Қазақтың тұңғыш ұлттық театры Қызылордадағы орыс театрымен бір ғимаратта жұмыс істеді.

Облыстағы Қармақшы ауданы Жосалы кентінен 18 шақырым жерде Қорқыт ата ескерткіші орналасқанын бәріміз білеміз.  Бұл сәулет өнерінің айрықша үлгісі деуге болады. Өйткені, ескерткіштегі 40 металл  түтік жел соққан кезде қобыз сарынымен үндес дыбыс шығарады. Сыр еліне қонаққа келген шетелдіктер Қорқыт ата кешеніне аялдамай қайтпайды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті 1937 жылы Қиыр Шығыстағы Корей педагогикалық институтының Сыр бойына қоныс аударуы негізінде Қызылорда педагогикалық институты болып ашылған.

Қызылорда облысы рухани саламен қатар еңбекте де өзге өңірлерге үлгі болып келеді. Әсіресе, Сыр бойын күрішсіз елестету мүмкін емес. Аймақтан шыққан атақты инженерлер, күрішшілер – ел мақтанышы. Сырдың Балдырған Мұстапаева, Балапан Арзымбетова, Бексұлу Синаева, Райкүл Жалғасбаева, Рысты Өкшебаева, Нәзира Сейсенова есімді қыздары  – дала еңбегінің ардақтылары.

Екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, күрішші,  егін шаруашылығының даңқты шебері Ыбырай Жақаев – 1947 жылы өзіне бекітіліп берілген тәжірибе учаскесінің әр гектарынан 172 центнер өнім алып, дүниежүзілік рекорд жасаған адам. Жалпы күріш жинау науқаны аяқталған сәт – қызылордалықтар үшін үлкен мереке. Берекелі күзде бұл шаһардан сабантой, жәрмеңкелердің түр-түрін көруге болады.

Қазақтың алғашқы ғылыми-зерттеу, жер қыртысын зерттеу, мал дәрігерлік-бактериологиялық және басқа институттары өз жұмысын осы қалада бастаған. Сондай-ақ, Қызылордада өткен ғасырдың ортасында целлюлоза-картон зауыты жұмыс істеді.

Ал  Арал балығы бүгінде Еуропа елдеріне экспортталады. Қашаннан су маржаны – балықпен аты шыққан айдынды Арал сонысымен өміршең, сонысымен бағалы. Аралды тілге тиек еткенде «Аралтұз» жайлы айтпай кетуге болмас. Қызылорда аймағында орналасқан тұз өндіру зауытының 90 жылдан астам тарихы бар.

1961 жылы 12 сәуірде әлем тарихындағы тұңғыш ғарышкер Юрий Гагарин «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ғарышқа ұшты.

Жаңақорған ауданындағы «Жаңақорған» шипа жайы алыс-жақын шетелдерге жақсы танылған. Жаңақорғанның балшығы  жер бетінде сирек кездеседі. Шипалы қасиеті өз алдына бөлек әңгіме. Шипажай аумағынан 1988 жылы табылған минералды судың құрамы Кавказдағы әлемге әйгілі Железноводск қаласындағы минералды судың құрамымен бірдей екені анықталған. Шипажайдың негізгі емдік қоры – Теріскен көлінің балшығы мен тұзды суы. 

Бүгінде Сырдың бас шаһарында құрылыс қарқын алды. Қаланың келбетін көркейтетін ғимараттар қатары көбейіп, бірқатар әлеуметтік нысандар халық игілігіне берілуде. Атап айтсақ, облыс әкімінің бастамасымен былтыр Неке сарайы, 1000 орындық Өнер орталығы, сол жағалаудағы Қан орталығының құрылысы басталды. Сондай-ақ, белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен «Анаға тағзым» орталығының іргетасы қаланды. Осы жылы ғимарат ел игілігіне берілетін болады.

Облыстың әлеуметтік-экономикалық әлеуеті де жыл сайын артып келеді. Тіршілігі қайнаған, келбеті жайнаған облыстың 85 жылда жеткен жетістігі, бағындырған биігі, алған асуы аз емес.  Алдағы уақытта да толайым табыстары толастамасы анық.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<