Айкезбелік: құпия ашылды ма?

2427

0

Ай ғаламшары Жердің жалғыз табиғи серігі. Ал оның әсерінен болатын айкезбелік туралы не білеміз? Аңыздарға, әр дәуірде туған наным-сенімдерге байыптап қарасақ, есте жоқ ескі заманда адамдар көктегі Ай өздеріне ғашық болады деп санапты. «Ай түн ортасында өзі ұнатқан адамына бар мейірім-шуағын төгіп, өзіне шақырады» деп сеніпті сәби сана.

Айкезбе – аспандағы Ай толысқан кезде кейбір сезімтал адамдардың өз-өзінен мазасызданып, түн ішінде ұйқысырап тұрып кезіп кететін арудың атауы. Жер серігі – Ай планетасының әрбір 30 күн сайын толатынынан хабардармыз. Оның біздің планетамызға тым жақындауы және әрбір 30 тәулікте толысуының өзі табиғатқа ғана емес кейбір адамдарға да әсер етеді. «Айкезбе болған адам түнде ұйқылы-ояу күйде дағдылы қимыл-әрекеттерді орындайды, тіпті кейде өзі білмейтін әрекеттерге де барады», – дейді психолог мамандар.Мұндай сырқаттарды ертеде бақсыға қаратып, ұшықтатып емдеген. Адам айдалада жалғыз ұйықтап қалған кезде бетіне айдың сәулесі түссе, оның шалығы тиіп, есі ауысып, аузы қисайып қалады. Бұл Айға байланысты көнеден жеткен наным-сенімнің бірі.

Сонымен, халық арасында Ай толған кезде ұйқылы-ояу төсектен тұрып кететіндерді, сондай-ақ ұйқыда жатып сөйлейтіндерді «айкезбе» (лунатик) дейміз. Медицина тілінде ол «сомнамбулизм» деп аталады. Өйткені, сомнамбулизм нақ Ай толған кезде көбейеді, соған байланысты бұл табиғаттың тылсым құбылысына «Айдың тартылыс күші ықпал етеді» деген ұғым қалыптасқан.

Бір қызығы, сомнамбулизм адамдар арасында ерте кезден-ақ кеңінен тараған. Ондайлармен адам өмірінде бір мәрте болса да кездеседі. Төрткүл әлемде түнде ұдайы болмаса да, мезгіл-мезгіл ұйқысырап, далаға «қыдырыстап» кететін адамдардың саны миллиондап саналады екен. Егер адам түн мезгілінде 3-4 рет оянып, төсегінен тұрып кетсе немесе ұйықтап жатып үнемі сөйлеп жатса, бұл сомнамбулизмнің белгісі. Бастысы, айкезбеліктің адам денсаулығына айтарлықтай зияны жоқ. Алайда, мұндай симптомдар басталған жағдайда дереу тәжірибелі невропатологқа жүгінген жөн.

Ғалымдар бүгінгі таңда жер шары тұрғындарының 2,5 проценттен астамы осы айкезбемен «дос» болып отырғанын айтады. Солардың 25 проценті көзі ұйқыда жүріп, әр түрлі дене жарақаттарын алады. Кейбіреулері қателесіп есік екен деп терезеден құлайды, келесі біреуі шатырға шығып кетеді. Балта, айыр сияқты өткір құралға арандайтындары да болады. Айкезбелер қайғылы жағдайға ұшырамас үшін мамандар төмендегідей бірқатар амалдар жасауға кеңес береді. Соның ең бастыларын атап өтейік: жатын бөлменің терезесіне мықты тор қағып қою керек. Оның жүретін жолдарынан электр құралдарын, тез сынатын шыны үстелдер мен бұйымдарды, тағы басқа өткір заттарды алып тастаған жөн. Ұйқыда жүрген адам өзін жарақаттамаған күннің өзінде басқаларға қауіп төндіруі бек мүмкін.

Сомнамбулизм жағдайында «автөкөлік басқарыпты» дегенді де кездестіруге болады. Алайда, медицина мұны жоққа шығарады. Шын мәнінде ондай күрделі әрекеттерді айкезбелердің орындауы мүмкін емес екен. «Айкезбе автокөлікті от алдыруы мүмкін, бірақ оны әрі қарай басқаруға қабілеті жетпейді. Себебі, оның рефлекстері ояу кезіндегідей емес, баяу жұмыс істейді. Сондықтан ол машинаны жүргізетін болса ә дегеннен-ақ апатқа ұшырайды. Медиктердің бұл пікірі көңілге қонымды.

Аталған сырқат әсіресе, балалар арасында жиі кездеседі, бірақ есейе келе одан арылады. Әдетте балалар әлденеге қатты толқып, үрейленген сәттерінде, қорқыныш сезімдері билеген кезде сомнамбулизмге шалдығады екен. Осы уақытқа дейін зерттеу жүргізген ғалымдар сомнамбулизм Айдың тартылыс күшінің адамдарға әсер етуінен болады деп санап келді. Нақты кезеңде АҚШ ғалымдары бұған қарсы пікір айтуда. Мәселен, Колорадо штатында америкалық неврология академиясының бастамасымен өткен басқосуда зерттеушілердің бір тобы бұл біржақты пікірден бас тартып, «айкезбелікке Айдың әсері жоқ» деген тұжырымға келді. «Шынтуайтында адам ағзасындағы айкезбеліктің дамуы кейбір гендердің спецификалық өзгеріске түсуімен байланысты болады» дейді. Гендердің өзгеріске түсу белсенділігі артқан жағдайда адамдар ұйқыдан оянып, бей-берекет жүріп кететін көрінеді. Мұндай жағдайды дәрігерлер «нерв жүйесінің салдануымен» теңестіреді. Бірақ АҚШ дәрігерлері адамдардың түн ішінде дала кезіп кетуіне нақты қандай гендердің ықпал ететіндігін әлі анықтаған жоқ. Десе де бұл құбылысты генетикалық аурулар санатына жатқызуға әбден болады деп шешіпті.

Айдың жүзі толған кезде Жер бетінде белгілі бір өзгерістер, құбылыстар болуы заңды. Мәселен, жер асты дүмпулері жиілейді, «ұйқыдағы» жанартаулар атқылайды, мұхит суы әдеттегіден жоғарырақ көтеріледі. Австриялық астроном Дэвид Ренекенің айтуынша, Жер бетінде болған кез келген табиғи апатты Айдың жақындауымен, кометаның құлауымен байланыстыруға болады. Демек, психикасы тұрақты емес балалар мен кейбір жасөспірімдерге Айдың тартылыс күшінің әсері болуы әбден мүмкін ғой. Алайда, бүгінгі ғылым айкезбелікке Айдың нақты ықпалы бар ма, бар болса, Ай адамға қалай әсер етеді, міне, осы маңызды сауалдардың жауабын әлі таба алмай отыр.

Сонымен жақындарыңыздың біреуі айкезбе болса не істеу керек? Олар терең ұйқыда сіздің оятуға деген талпынысыңызды байқамауы мүмкін. Егер оянатын болса өзінің қандай жағдайда тұрғанын аңғарып, стрестік күй кешуі мүмкін. Демек, оларды оятудың орнына бөлмесіне қарай бағыттап, төсегіне жатқызға дұрыс. Таңертең ол болған жайды білмеуі де мүмкін.

Иә, он сегіз мың ғаламда құпия сыры ашылмаған құбылыстар әлі көп.

Дайындаған Рүстем АЙБОЛАТ,

Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<