Аймақ басшысы Үкіметте өңірдің өзекті мәселелерін көтерді

518

0

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Үкіметте өткен жиында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайыловтың Сыр өңіріне жұмыс сапары кезінде берген тапсырмаларының орындалу барысын баяндап, өңірдің бірқатар мәселелерін көтеріп, қолдау көрсетуді сұрады.

Атап айтқанда, аймақ басшысы өңірдің коммуналдық қызмет көрсету ұйымдары жұмысшыларының жалақысы төмен, яғни 93 мың теңгеге жуық екенін  атап өтіп, табыстарын өңірдегі орташа айлық деңгейге,  яғни 252 мың теңгеге дейін жеткізу қажеттігін қаперге салды.

Сондай-ақ, «Облыс орталығын дамыту» бағдарламасы бойынша қаржыландыру көлемін арттыру тапсырмасы аясында ұсынылған жалпы құны 16,3 млрд теңгені құрайтын 24 инфрақұрылымдық жобаның алдағы республикалық бюджетті нақтылау барысында толыққанды қаржыландырылуының маңыздылығына тоқталды. Жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында «Самара-Шымкент» автожолының Ақтөбе бағытындағы 566 шақырымды құрайтын бөлігін 2 жолақтыдан 4 жолақтыға ауыстыру мәселесі бойынша республикалық бюджеттен тиісті қаражат бөлу қажеттігін айтты.

Мұнан бөлек, облыс әкімі өңірдегі электр желілерінің мәселесін көтерді. Энергетика министрлігінің кернеулігі 35 кВ дейінгі электр желілерін қайта жаңғырту жобаларын бюджеттік несиелендіру тетіктерін қолданыстағы заңнамалық актілерге енгізу жұмыстарын жеделдетуіне ықпал етуді сұрады.

Сонымен қатар, аймақ басшысы ауыл халқын «көгілдір отынмен» қамту мәселесіне сұратылған 16,2 млрд теңгенің 2,6 млрд теңге сомасын газ тасымалдау жүйесінде газ тапшылығының туындауына байланысты қысқарту ұсынылғанын мәлімдеді. Облыс тұрғындары үшін газдандырудың әлеуметтік-экономикалық маңыздылығын ескере келе, әзірленген дайын жобалардың құрылысын бастауға қаржы бөлу мүмкіндігін қарастыру мәселесін көтерді.

Нұрлыбек Нәлібаев аймақтағы ірі күріш өндірушілерге мемлекеттік қолдау шарасы ретінде «Азық-түлік келісім шарт» корпорациясымен форвардтық контракт жасау ережесіне тиісті өзгерістер енгізуді жеделдету қажеттігін тілге тиек етіп, Арал теңізіне вегетациялық кезеңде бөлек су лимитін белгілеп, су көлемін ұлғайту бойынша жоғарыдағы елдермен келіссөздер жүргізуді ұсынды.

Мұнан бөлек, аймақ басшысы өңір үшін маңызы зор кальцийленген сода зауытының құрылысына қажетті қаржыландыру мөлшерін қысқартпауды және ел болашағы – жастарды қолдау мақсатында облыс орталығында дарынды балаларға арналған  физика-математика интернаты мен көпсалалы спорт кешенінің құрылысын бастауға қаржы бөлуге ықпал жасау жөнінде өтініш айтты.

Аймақ басшысының барлық ұсыныстары мен қолдау көрсетуді сұраған мәселелері республикалық бюджеттік комиссияның қарауына ұсынылатын болды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<