Аймақта «30 игі іс» қайырымдылық марафоны жалғасуда

831

0

Өңірімізде қайырымдылықпен айналысатын ұйымдар аз емес. Пандемия өршіген тұста қауіп-қатерге қарамай, еріктілер мыңдаған азаматқа жәрдем берді. Мәселен, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларына азық-түліктер, қарт кісілердің үйлеріне дәрі-дәрмек жеткізілді. Адам өмірін сақтап қалу үшін арпалысқа түскен ақ халатты абзал жандарға алғыс ретінде дәрумен себеттері табысталды. Осы тұста,  «Jas Otan» ЖҚ жанынан құрылған «Biz birgemiz» жалпыұлттық жастар волонтерлік қозғалысының еңбегі ерен.

Жақсылық жасауды ту еткен волонтерлар  «30 игі іс» қайырымдылық марафоны аясында Ахметов Ұлғасбек қарияның үйінде болып,  ауласын ретке келтіруге қолғабыс етті.  Өмірдің тауқыметін көрген 72 жастағы қария жалғыз тұрады.  Қал-жағдайын сұрауға келген волонтердың жұмысына риза болып, батасын берді.

«Biz birgemiz»  волонтерлік қозғалысының жастары қарияға көңіл бөліп, апта сайын үй ауласының жұмыстарын жасап беруге уәде етті.

Аймақта «30 игі іс» қайырымдылық марафоны жалғасуда

Бұл «Nur Otan» партиясының «30 игі іс» қайырымдылық марафонының аясында жасалған бір ғана шара емес.

Игі істі қолдау мақсатында «Азал и К» ТС директоры, облыстық мәслихат депутаты Ералиев Мағжан Абзалұлы Нағи Ильясов ауылының тұрғындарына шаштараз және балалар алаңын, сондай-ақ,  балабақшаға  40 секциялық шкаф, 90 орындық, 25 үстел, 2 теледидар мен 2 тақта сыйлаған болатын. Сондай-ақ, Қызылорда қаласы,  «Рисмаш» мөлтек ауданының тұрғындарының ұсынысын назарға ала отырып, Қ.Маханбетов көшесіне тас төсетті.  «Ақмешіт» мөлтек ауданында жастарға арналған workout  спорт алаңының салынуына қолдау білдірді.  Сонымен қатар  ДЦП сырқатына шалдыққан Фариза есімді аруға өзі армандаған калясканы сыйға тартты.

Аудандық мәслихаттың жас депутаттары А.Ибрагимұлы, Ж.Нұрсұлтанқызы, Б.Сабырқызы, И.Қабатова, А.Скендиров аудан тұрғындарының өтініштеріне сәйкес  көпбалалы аналар мен жалғыз басты қарттарға, мүмкіндігі шектеулі бүлдіршіндерге қаржылай және материалдық көмек көрсетті.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<