Аймақта ауқымды жобалар жүзеге асуда

563

0

Қызылорда облысында ауылдық жерлердің өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында бірқатар бағдарламалар жүзеге асуда. Мәселен, биыл «Ауыл-ел бесігі» арнайы жобасы аясында 46 елді мекенге 11,6 млрд. теңге бөлініп, 216 жоба жүзеге асатын болады. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте облыстық экономика және қаржы басқармасының басшысы Нұрғали Қордабай мәлімдеді.

Сондай-ақ биыл облыста ауыл халқының табысын арттыру мақсатында «Ауыл аманаты» жобасы бастау алды. Жобаның мақсаты- ауылдық елді мекендерде және шағын қалаларда бизнес жобаларды іске асыру үшін үміткерлерге шағын кредит беру.

– Бүгінде «Ауыл аманаты» жобасы бойынша ауыл тұрғындарын шағын несиелендіруге дайындық жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда ауылдық округтер бойынша 454 жоба жасақталып, 300 жаңа жұмыс орындары ашылады деп күтілуде. Ауыл кәсіпкерлігін дамытудағы негізгі проблемалар кепіл мүлкінің өтімсіздігіне байланысты кредиттік ресурстардың қолжетімсіздігі болып отыр. Осыған сәйкес кәсіпкерге жүктемені азайту мақсатында несиеге кепілдік беру тетігі қолданылуда. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен жыл сайын 2 млрд. теңгеден астам қаржы бағытталуда. Мұнан өзге, өңір жастарының кәсіпкерлік бастамасын қолдау және жұмыссыздықты азайту мақсатында биыл 257 жасқа 2,5 пайызбен 1,3 млрд. теңге жеңілдетілген несие берілуде, – деді Нұрғали Рахымшаұлы.

Сонымен қатар «Дипломмен ауылға» жобасы аясында бүгінгі күні ауылдық жерлерде 5526 маман жұмыс істеуде. Олардың тұрғын үймен қамтамасыз етуге және біржолғы көтерме жәрдемақы төлеуге 17,5 млрд. теңге бөлінді. Ал, биыл 494 маманды ауылдық жерлерге жұмысқа тартуға 2,6 млрд. теңге бағытталды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<