Жыл басынан бері коронавирустың 79 жағдайы тіркелген. Нақты айтқанда, қаңтар-мамыр аралығында аймақта 76 адамның COVID-ті жұқтырғаны анықталса, мамыр айынан тамызға дейін бірде-бір дерек тіркелген жоқ. Тамыз айында Қызылорда қаласында 3 дерек тіркелді.
Мамандардың айтуынша, секвенирлеу нәтижесінде елімізде кейінгі кезде тіркеліп жатқан коронавирус инфекциясының омикрон штамының түрлі нұсқалары екендігі анықталған және ағымы көп жағдайда жеңіл түрде өтіп жатқандығы байқалады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Олжас Ысқақов пен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова вирустың алдын алу шаралары бойынша тың деректерді бөлісті.
– Қазіргі кез тұмаудың белең алатын уақыты десек болады. Күннің күрт суып кетуі, қайта жылуы – ең басты фактор. Сондықтан денсаулық сақтау ұйымдарының барлығы дайын. Тиісті қорғаныш құралдары, маскалар, аппараттар барлығы бар. Біз пандемияны басымыздан өткерген халықпыз. Барлық тиісті шаралар әзірленген. Осы орайда тұрғындарға айтарымыз, егер тұмау белгілері болса, жедел жәрдем қызметі, болмаса емхана дәрігерін шақырып көрінген дұрыс. Мүмкіндік болса, халық көп шоғырланған жерлерге бармауды сұраймыз. Себебі вирустың жұғу процесі күрделеніп кетуі ықтимал,– деді Олжас Ермекұлы.
Ал өңірде жыл басынан бері жедел респираторлы вирустық инфекцияға 77328 адам шалдыққан. Оның ішінде 14 жасқа дейінгі балалар – 49969. Тұмау 78 адамнан анықталған.
– Дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымы халықты тұмаудан қорғаудың жалғыз және тиімді әдісі ретінде тұмауға қарсы вакцинациялауды ұсынады. Осы орайда тұмаудың эпидахуалын тұрақтандыру және ауру деңгейін төмендету бағытында жыл сайын жергілікті бюджеттен тұмауға қарсы вакцина сатып алынады. Биыл 85004 доза вакцина алынатын болады. Тұмауға қарсы иммундауға Ресей елінде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы қолданылады. Бұл тұмаудың штамдарына қарсы тиімді қорғаныс қалыптастырады. Үкімет қаулысымен бекітілген медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде міндетті профилактикалық екпелерді жүргізу қағидаларына сәйкес жыл сайын тиісті контингенттерді тұмауға қарсы вакцинациялау тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда тегін жүргізіледі.
Тұмау асқынуымен қауіпті. Сондықтан бірінші белгілері пайда болған кезде өзін-өзі емдеумен айналыспай, тез арада аймақтық дәрігерді үйге шақыртып, дер кезінде ем алу қажет. Бұдан бөлек, аталған контингентке қамтылмаған адамдар екпені ақылы түрде салдыруына болады. Бүгінде екпені ақылы түрде алуға болатын емхана бекітілуде, ол туралы қосымша хабарланады, – дейді Әлия Мүтәліпқызы.
Айнұр БАТТАЛОВА,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<