Аймақтық форумның ауқымы

518

0

Қызылордада «AMANAT» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының І аймақтық форумы өтті. Онда партияның «Халықпен бірге!» деп аталатын сайлауалды бағдарламасы мен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Жолдауының негізгі бағыттарын орындауда мәслихаттардағы фракция мүшелерінің алдында тұрған міндеттер талқыланды.

Форум жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісіндегі «AMANAT» партиясы фракциясының жетекшісі Елнұр Бейсенбаев, фракция мүшесі Мархабат Жайымбетов, облыс әкімінің орынбасары Данияр Жаналинов, Қазақстанның Еңбек ері Абзал Ералиев қатысты.

Партияның облыстық филиал төрағасы Наурызбай Байқадамов форум қатысушыларына облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтауын жеткізді.

Онда мәслихаттар институты биліктің өкілді органы ретінде уақыт өте келе жетіліп, жаңғырып, жаңа өмір шындығына бейімделіп отыратындығы атап өтілген. Сонымен қатар аймақ басшысы форум жұмысы мәслихат депутаттары үшін өз тәжірибесін шыңдау, әртүрлі әдістемелік кеңес алу, біліктілікті арттыру, депутаттар мен жергілікті атқарушы органдар арасында Сыр елінің экономикасын дамыту мәселелерін талқылау бойынша ашық диалог болатынына сенім білдірген.

Фракция жетекшісі Елнұр Бейсенбаевтың мәлімдеуінше, биыл партия және депутаттар тарапынан маңызды іс-шаралар атқарылып отыр.

– Партияның Мәжілістегі фракциясы есепті кезең ішінде қарқынды жұмыс жасап, 22 заң жобасына бастамашы болды.  Жалпы 128 заң жобасы қарастырылып, 40 заңға Мемлекет басшысы қол қойды. 58 заң Сенатқа жолданды. Оған фракция мүшелері 665 түзету енгізді. Үкіметке 210 депутаттық сауал жолдады. Онда қоғамды толғандырып отырған ең өзекті де көкейкесті мәселелер қозғалды. Олар тиісінше шешімін тауып жатыр. Біз – қоғамның талап-тілегіне құрметпен қарап, оларға құлақ асатын партияның өкілдеріміз. Сондықтан өткен сайлауда халыққа берген уәделеріміздің орындалуын қадағалау – біз үшін өте маңызды. Бұл ретте жергілікті жерлерде де мәслихат депутаттары заң жобалары, депутаттық сауалдар, зерттеулер және азаматтарды алаңдатқан ең өткір мәселелерді батыл көтеріп, ашық түрде сын айтып, партияның сайлауалды уәделерінің орындалуына маңызды рөл атқаруы керек, – деді Елнұр Бейсенбаев.

Жалпы өңірдегі өзекті мәселелер мен орталық деңгейде шешілуі тиіс сұрақтар бойынша жергілікті фракция мен Мәжілістегі фракция мүшелері арасында жүйелі жұмыс бар. Бұл туралы Мәжілістегі фракция мүшесі Мархабат Жайымбетов атап өтті. 

Ал партия филиалының және облыстық мәслихат төрағасы Наурызбай Байқадамов партияның мәслихаттардағы депутаттық фракциялары мүшелерінің алдында тұрған міндеттер туралы жеткізді.

– Президентіміз әрдайым елімізде өкілді билік тармағы мықты болуы қажеттігін атап көрсетуде. Бұл бастама мемлекетіміздің институционалдық тұғырын нығайтып, ел дамуына тың серпін беретіні анық. Осы тұста азаматтардың өкілді билікке деген сенімін нығайту жұмыстарын күшейткеніміз жөн. Себебі мықты мәслихаттар ғана өзекті мәселелердің шешімін табуға және аймақтардағы тұрмыс сапасын жақсартуға әсер ете алады. Бұл ретте халықтың сенім мандатына ие болған және өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму ісіне белсене атсалысып келе жатқан мәслихат депутаттарына жоғары жауапкершілік жүктеледі. Партия фракциясы мүшелерінің алдында тұрған басты міндеттің бірі – бұл ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасында көзделген тұрғындармен тұрақты кері байланыс жасау. Партияның сайлауалды уәделерінің сапалы орындалуына жұмыс істеу, – деді Наурызбай Байқадамов.

Айта кетсек, Қызылорда облысында барлық деңгейдегі 152 депутаттық манадаттың 124-і  «AMANAT» партиясының мүшесі. Олар биылғы жылдың 11 айында 390 қабылдау өткізіп, 1 мыңнан астам азаматты қабылдаған. 917 өтініш оң шешімін тауып, 323 мәселе бойынша кеңес берілді.

Пленарлық отырыстан соң, форум жұмысы панельдік сессияларда жалғасты. Мұнда депутаттар салалар бойынша секцияларға бөлініп, өзекті мәселелерді талқылап, жұмысты жетілдіру бағытында тәжірибе алмасты.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<