Жаз мезгілінде балалардың қауіпсіздігі алаңдатады. Әдетте суда жүзе алмайтын балалар емес, өзін жақсы жүзе аламын деп санайтын балалар қайғылы жағдайға ұшырап жатады.
Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Бар мейірім – балаларға» тақырыбында оқу-жаттығу жиыны өтті.
Балаларды суға түсу маусымындағы қауіпсіздік ережелерімен таныстыру, жазғы демалысты дұрыс жоспарлау мақсатында өткізілген шараға қалалық төтенше жағдайлар басқармасы, облыстық медицина орталығы, тері-венерология диспансері, білім басқармасы және жол-патрульдік полициясы мамандары, мектеп оқушылары қатысты.
Мамандар алғашқы көмек көрсету қағидаларын түсіндірді. Атап айтқанда, жастар мен жасөспірімдерге тыйым салынған аймақта шомылмау қажеттігі ескертіліп, бос уақытын тиімді өткізу үшін жазғы лагерьлер мен үйірмелер жайында ақпараттар берілді.
– Балаларға судағы қауіпсіздік ережесі түсіндірілді. Бұл жазатайым жағдайлардың алдын алуға бағытталды. Мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балалар шомылу кезінде үнемі үлкендердің қарауында болуы тиіс. Оқиғалар суға шомылуға тыйым салынған жерлерде орын алады. Сондықтан әр бала қиын жағдай туындағанда өзін ұстай білу машығын меңгеруі қажет. Егер судың температурасы төмен болса, түсуге болмайды. Себебі суықтан аяқ-қолдың тырысуы немесе естен айырылу жағдайлары болуы мүмкін. Белгі қойылған жерден асып жүзуге қатаң тыйым салынады, – дейді азаматтық қорғаныс тобының лейтенаты Бижұма Бағдәулет.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»





