Айшықталған алты үй

120

0

Кейінгі кезде сәулеті артып, көркейіп келе жатқан шаһардың келбетіне көз тояды. Әсіресе, Сырдың сол жағалауында құрылыс қарқыны жоғары. Оны ең алдымен қалаға келген қонақтар аңғаратыны сөзсіз. Өңір тұрғындары үшін жағымды жаңалықтың бірі – жеті қабатты тұрғын үйлердің бой көтеруі. Былтыр сәуір айында басталған үйлер жыл соңына дейін пайдалануға берілмек. Біз құрылыс басына барып, қызу тірлікті көзбен көріп қайтқан едік.

Сол жағалаудағы өзгелерге  ұқсамайтын бұл үйлердің сыртқы бейнесі ерекшелігімен менмұндалайды. Бір аумақтағы 6 тұрғын үй айналдыра салынған. Құрылысы 90 пайыз аяқталыпты. Ауа райымен санаспаған құрыш білектілердің тынымсыз жұмысының нәтижесі деуге болады. «Орион LTD» ЖШС мекемесінің шебері Дәурен Қозбақов бұл салада екі жылдан бері жұмыс істейді.

–       Біздің мекеме екінші тұрғын үйдің құрылысын жүргізді. Мұнда іргетасын қалаудан бастап, барлығын жасадық. Одан кейінгі сылақ, кафель жапсыру секілді ішкі жұмыстарды да аяқтадық. Енді жуып тазартуға кірісеміз. Қаламызда осындай әдемі, әсем үйлердің салынуына өз үлесімді қосқаныма қуанамын, – дейді ол.

Әр үйде 84, барлығын қосқанда 504 пәтер бар. Кең дәліздегі төрт пәтердің біреуі 2, қалғаны 3 бөлмелік. Бөлмелер кең әрі жарық. Үш бөлмелі пәтердің аумағы 80 шаршы метр.

– Бұл үйлердің құрылысын «Аман Құрылыс», «Орион LTD», «Риголит», «Промсервис», «Абу-сер» мекемелері жүргізді. Бүгінде жұмыстың 90 пайызы аяқталып қалды. Барлығы заманауи бағытта және жаңа технологиялардың көмегімен салынған. Жеті қабатты болғандықтан, лифт қарастырылған. Аула ішін көркейту, газон егу, балаларға арналған ойын алаңын салуды «Алтын айдарлы» мекемесі жүргізді, – дейді қалалық құрылыс бөлімінің маманы Мәулен Бөбетаев.

Жалпы қазіргі таңда шаһардың сол жағалауында 16 тұрғын үй салынып жатыр. Оның ішінде 6-уы жеті қабатты болса, қалғаны бес қабатты. Баспаналы болуға асығып жүргендердің қоныс тойының ауылы алыс емес секілді. Желтоқсан айының ішінде жағымды жаңалықты бөлісетін боламыз.

  Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<