Айтқан екен…

6

0

Жасыратыны жоқ, «пәлен айт­қан екен, түген айтқан екен» деген есті сөз, қанатты қа­ғида, мәйекті мақал, тап­қырлық тәмсілдерін ес­тіп те, оқып та жүреміз. Бірақ енді, сол айтқандардың кейінгі жүз жылдықтағы бейнежазбамен ар­найы дәлелденгендері бол­ма­са, одан арғысының ай­қын анық­тамасын бір Жаратушыдан өзгенің білмейтіні ақиқат. Өз басым сондай қа­натты сөздің біреуін ғана, бір емес, бірнеше тұлғаға, би-шешенге «айтқан екен» деп, телініп жазылғанын бай­қадым. Тіпті шағын оты­рыстарда қызды-қызды­мен «айт­қан екенді» ата­лық­­тар­мен астастырудың, руға бұ­ру­дың да мүлдем маңайына жақын­дамайтын, күлкіңді кел­ті­ретін салқыны сезіліп қалып жа­тады. Сосын кім болса соның айт­қанын данышпандыққа ба­лай беру де белең алмағаны дұ­рыс болар еді.

Мына бір қанатты сөздің кім­нен қалғанын бір Алла білер, бірақ ақылға қонымды екеніне ешкім дау айта қой­мас… Ертеде бір хан ерігіп оты­рып, уәзірлерін жинап алып: «Күндердің күнінде өмір­ден мен де өтемін. Сонда пәленше деген ханнан қалған екен деп халық айтып жүретін бір қанатты сөз ойлап табыңдар, бір апта мұрсат берем» деп тапсырыпты. Хан айтқан соң жан қала ма, уәзірлер әрі ойласып, бері ой­ласқанымен өрелері жетпей бастары қатып, ел ішін аралап кетіпті. Ханның берген мерзімі жақындап бастары қатып келе жатса, елсізде азын-аулақ уақ малын жайып жүрген шалды көріп: «көп жасаған, көпті көрген, бір білсе осы біледі дейік ханға» деп, байғұс шалды дедектетіп ала жөнеледі.

Уәзірлерін тың­дап алып хан: «а-ал, менен кейінгілерге қала­тын өсиет сөз айт» деп шалды ты­ғы­рық­қа тірепті. Шал байғұс қанша ойланса да ондай сөз ойына келмей, ханнан үш күн мұрсат сұрайды. Хан: «үш күнде таппасаң басыңды ала­мын» деген кепілмен шал­ды еркіне жібереді.

Зуыл­дап үш күн өте шығады. Ерік­кен хан атына мініп, уәзір­лерін ер­тіп шалды көлдің жаға­сы­нан ой­ланып отырған жерінен та­уып, тапсырмасын орын­да­ма­ғанын естіп: «бұған берген соңғы мүмкіндігім болсын, көлге екі батырыңдар, соған дейін тап­паса біржола тұншық­ты­рыңдар» дейді. Уәзірлер бей­бақ шалды бір батырады, екі батырады, үшіншісінде әбден су жұтып қақалып-шашалған шал: «босатыңдар, босатыңдар хан ием, таптым ондай сөзді» дегенде, хан бұйрығымен жа­ғалауға шыққан шал ентігін басып алып: «көп қорқытады, терең батырады» деп жөніне кете беріпті.

 Әлімжан ҚИЯС.

 Қазалы ауданы