Айтыскер ақынның шығармашылық кеші өтті

4431

0

Сурет автордікі

Адамға ақын болу емес, азамат болу парыз. Себебі, Ұлы Абай атамыз айтқандай оқып, көңілге тоқып, ізденіп, еңбектеніп, халыққа қызмет еткен адам ғана бейнеттің зейнетін көреді. Осы нәрсені ғұмырлық ұстанымына айналдырып, өнер әлемінде қанатын кеңге жайып жүрген тума таланттар аз емес. Олардың қатарында айтыскер ақын Жұмабай Шерниязов та бар.

Жалпы, айтыссүйер қауым үшін Жұмабай Шерниязовтың есімі таныс. Ол өзінің жалынды жырларымен, өткір тілімен, байыпты болмысымен, салмақты сөз саптауымен көпшіліктің жүрегіне жол таба білген ақын. Ізденімпаздығының, еңбекқорлығының, табиғи дарынының арқасында талай шыңды бағындырып, өзіндік қолтаңбасын қалыптастырды.

Айтыс өнеріне бейімделіп, 30 жыл бойы өнер көгінде қалықтаған айтыскер ақын ғасырдың жартысына келіп, еңселі 50 жасқа толды. Осыған орай А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде ақынның «Жұлдызы жауһар Жұмабай» атты шығармашылық кеші өтті.

Кешке облыстық мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Қуаныш Жанұзақов пен қалалық мәдениет және спорт бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов қатысты.

Іс-шара барысында Қуаныш Жанұзақов сөз сөйлеп, басқарма басшысының құттықтауын жеткізді. Ал, Жағыпар Тажмаханов Қызылорда қаласының Құрмет грамотасымен марапаттады.

Сондай-ақ, өнер иесіне Жаңақорған ауданының «Құрмет» грамотасы мен мерейтойлық төсбелгі және өнер майталмандарының атынан қасиетті қара домбыра табысталды.

Жұмабай Шерниязов – талай мәрте Сырдың атын шығарып, республикалық деңгейдегі байқауларда марапат мінберінен көрініп жүр. Отыз төрт жыл бұрын қадам басқан киелі сахна арда өнердің ағымына бойлатып, халықтың қошеметіне бөледі. Шығармашылығын шыңдап, жетістікке жетті. Бала кезден қара өлеңге құмартып, қара домбырасын жанына серік еткен ол жүрек сөзін жырлаумен жартығасырлық ғұмырдариясын жүзіп өтіп, абыройдың асқарынан танылып келеді.

Өнер сахнасында алғаш рет әнші-термеші болып танылған ол 1989 жылдан бастап айтыс өнеріне бейімделген. 1993 жылы Петропавл қаласында өткен М.Жұмабаевтің 100 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысында бақ сынады. Қызылорда қаласында өткен дәстүрлі VII облыстық ақындар айытысына және халық батыры Б.Естекбайұлының 150 жылдық мерейтойына арналған республикалық ақындар айтысына қатысып, Алғыс хат иеленген. Шымкент қаласында С.Қожановтың мерейтойына арналған аймақтық ақындар айтысында жүлделі 1-орын және Ж.Жабаевтың 150 жылдығына арналған телеайтыста жүлдегер атанды. Ол бүгінде өнерден қол үзбей, сол саланың қым-қуыт тіршілігімен біте қайнасып келеді.

Кеште өнер иесі «Дидар» фольклорлық-этнографиялық ансамблінің сүйемелдеуімен бірталай әндерді шырқап, көрерменнің көңілін жадыратты. Сонымен қатар, жырау, ақын Айдос Рахметов арнау жырын тарту етті. Талай жыл бірге жұмыс істеген әріптес достары, ағайындары айтыскердің өткен өміріндегі жағымды естеліктерін бөлісті.

Кеш соңында «Мұстафа Шоқай мен Әміре Қашаубаевтың Париж төрінде кездесуі» атты спектаклі сахналанды. Шығармашылық кештен рухани азық жинаған көрермен кеш иесіне зор алғыс білдіріп, есте,лік суретке түсті.

Аружан ЕРАЛЫ,

«Сыр бойы»

Айтыскер ақынның шығармашылық кеші өтті
Айтыскер ақынның шығармашылық кеші өтті
Айтыскер ақынның шығармашылық кеші өтті
Айтыскер ақынның шығармашылық кеші өтті
Айтыскер ақынның шығармашылық кеші өтті

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<