Кейінгі жылдары елімізде құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында айыппұл мөлшерін арттыру тәжірибесі жиілеп келеді. Жол ережесін бұзу, қоғамдық орындардағы тәртіпсіздік, экологиялық талаптарды сақтамау – осының бәріне қатысты тәртіп қатаңдады. Бірақ қоғамда «Айыппұлды көбейту шынымен тәртіпті күшейте ме?» деген сауал қызу талқылануда.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, республикада жыл сайын миллиондаған әкімшілік құқықбұзушылық тіркеледі. Соның ішінде ең жиі кездесетіндері жол ережесін бұзу, қоғамдық орындардағы тәртіпсіздік, абаттандыру талаптарын сақтамау екен. Жол қозғалысын бақылау камераларының көбеюі нәтижесінде кейбір құқықбұзушылықтар азайғаны байқалады. Бұл айыппұлдың өсуінен емес, бақылаудың күшеюінен болса керек-ті.
Заң ғылымдарының магистрі Жандос Түсмағамбетовтің пікірінше, екі адамның бірі осы мәселемен бетпе-бет келуде. Ол «Заң мен тәртіп» қағидасын ұстанған дұрыс деп есептейді.
– Өткен жылдан бері Президент айтқан «Заң мен тәртіп» тапсырмасы мемлекеттік мекемелер немесе жеке секторда кеңінен насихатталуда. Қазір айыппұл мәселесі өте күрделі. Мәселен, бұл тақырыпқа ой қоспас бұрын, мына бір жайтқа тоқталғым келеді. Айталық шетелде азаматтар айыппұлдан емес, ұяттан қорқады.
Дамыған Жапония елін алатын болсақ, ол жақта тазалық мәдениеті жақсы қалыптасқан, тіпті шұлықпен көшеде жүрсең де кірлемейді. Бұл халықтың қарапайым тазалықтың өзіне үлкен мән беретінін көрсетеді. Бізде қазір жазалаудың түрі – айыппұл болып тұр. Ол үшін құқықтық тәрбиені арттырып, тазалықтың табалдырықтан басталатынын балабақшадан санаға сіңдіру керек. Мектепте де «Құықтық негіздер» секілді сабақтар өтіп, әрі қарай заңдардағы өзгерістер мен ережелерді оқыту керек. Оқу орнын аяқтап, маман болғанда құқықтық сауатты азамат болып шығады. Өкінішке қарай, мұндай пәндер болғанымен, факультатив ретінде өтеді немесе мамандар кәсіби тұрғыда дәріс бермейді деген ой қалыптасады. Оны тарих пәнінің мұғалімі оқытатын шығар, бірақ арнайы заңгер маманы дәріс бергені дұрыс. Қазір қаншама заңгер бос, мүмкін оларды білім саласына әкелу керек шығар. Сондай жолдар арқылы сананы қалыптастырмайынша, айыппұл мәселесі күн тәртібінен түспейді. Қоғамда тәртіп бұзғаннан кейін оның төлейтін белгілі бір мөлшері болады. Егер адам заңды білмегендіктен бір әрекетке барса, оған объективті түрде қарау керек. Қорытындылай айтқанда, мемлекетте құқықтық сауаттылықты арттыру қажет. Ақпараттық-насихаттық жұмыстарын көбірек жасаған жөн. Қарапайым халыққа бейнеролик түрінде болсын ұғынықты тілмен түсіндіру керек. Оларға шұбалаңқы заңның сөздерін айтып жеткізу, түсіндіру қиын. Егер заң бұзсаң, оның соңы неге алып келетіні, қандай айыппұл төлейтіні, қандай шара қолданылатыны туралы нақты қысқа түсіндірмелер жүргізу керек. Өзім жетекшілік ететін «Дағдарыс орталығында» көп жағдайда отбасынан зәбір көргендер келеді. Оларға жолдасы, енесі қол көтереді немесе балағаттайды. Өткен жылдан бастап зорлық-зомбылық әрекеттеріне қатысты заң нормаларына өзгерістер енді. Оны көбі біле бермейді, оларға «менің әйелім, оған не істесем де өзім білем» деген бұрынғы түсінік, ой қалыптасқан. Ал жауапкершілікке тартылғанда олар өкінеді. Егер заңнан хабары болса, мұндай әрекеттерге бармай, өзін ұстайтын шығар. Демек, әлі де қоғамның құқықтық сауаттылығын арттыру керек, – дейді Жандос Бектайұлы.
Шетел тәжірибесі қандай?
Айыппұл жүйесінің тиімділігі мен әділдігін толық бағалау үшін еліміздің тәжірибесін халықаралық практикамен салыстыру орынды. Шетелде айыппұл саясатын әртүрлі тәсілдермен жүзеге асырады және бұл көп жағдайда елдің құқықтық мәдениетіне, экономикалық жағдайына және әлеуметтік саясат ерекшеліктеріне тәуелді. Мәселен, Финляндияда, айыппұл мөлшері адамның табысына байланысты есептеледі. Бұл жүйе «күндік айыппұл» деп аталады және оның мақсаты – заң бұзушыны әлеуметтік мәртебесіне қарамастан бірдей деңгейде жауапкершілікке тарту, яғни миллионер де, жұмыссыз азамат та заң бұзса, өз табысына сай айыппұл төлейді. Бұл тәсіл айыппұлдың тек жазалау емес, тәрбиелеу қызметін нақты атқаруына сеп болады.
Германия мен Швецияда да осыған ұқсас қағидалар қолданылады. Жол ережесін бұзған жағдайда, айыппұл көлемі заң бұзушының кіріс деңгейіне қарай белгіленеді. Сонымен қатар кейбір құқықбұзушылықтар үшін айыппұлмен бірге қоғамдық жұмыстарға тарту немесе арнайы курстардан өту міндеттеледі. Бұл жазалау мен қайта әлеуметтендірудің үйлесімді жүйесін қалыптастырады.
АҚШ-та жылдамдықты асырғаны үшін азаматтар 1000-2500 доллар көлемінде айыппұл төлейді. Оның мөлшері жол ережесінің қай штатта бұзылғанына байланысты. Ішімдік ішіп, рөлге отырғандар үшін де әр өңірдің дербес заңдары бар. Оның ең қаталы Иллинойс штатында. Онда өмір бойына жүргізушілік куәлігінен айыру, 3 жыл түрмеге тоғыту және 25 000 доллар айыппұл төлету қарастырылған.
Ал Қытайда оқушылар да айыппұл арқалауы мүмкін. Мұндай жаза тіпті сабаққа кешігіп келетіндерге, үй тапсырмасын орындамайтындар мен мектеп ережесін сақтамайтындарға қолданылады. Мұндағы мақсат – балалардың оқу үлгерімін жақсартып, темірдей тәртіп қалыптастыру. Десе де бұл әдіс-тәсіл қоғам тарапынан жиі сынға ұшырайды екен. Бұл ел тұрғындары үшін оқушыларға шамадан тыс қысым көрсету күйзеліске ұшыратып, мотивацияның төмендеуіне әкелуі мүмкін.
Елімізде айыппұлдар нақты белгіленген сомамен бекітіледі және табыс деңгейі ескерілмейді. Мұндай жағдай әсіресе әлеуметтік осал топтарға ауыр тиіп, құқықтық теңсіздік сезімін тудыруы мүмкін. Мысалы, заң бұзушылық үшін ауыл тұрғыны не ірі кәсіпкер болсын бірдей көлемде айыппұл төлейді, бұл әділеттілік принципіне қайшы келуі мүмкін.
Сарапшылар не дейді?
Кейінгі кезде жылдамдықты арттырудың салдарынан жол-көлік оқиғалары көбейіп, адам өліміне әкелеп жатқан жағдайлар орын алуда. Мұндай жайттар қоғам тарапынан да қызу талқыға салынып, депутаттар да мәселені мінберден көтеріп жүр. Қала ортасында автокөлікпен өте жоғары жылдамдықпен жарысқан жүргізушілерге ауыр жаза керек деп есептейді Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов. Ол әлеуметтік парақшасында мынадай пікір білдірген:
– Бұл көбінесе адамгершіліктен жұрдай, тәрбиесінде ауытқуы бар адамдар. Олар көпшілік қоғамнан өзін жоғары ұстайды, менсінбейді, үркітіп шошытып содан ләззат алады. Айыппұл салудың оларға ешқандай әсері жоқ. Әріптесім Бақытжан Базарбекпен бірге бірнеше ұсыныс дайындадық. 1. Аса жоғары жылдамдықпен (мысалы сағатына 200-250 шақырыммен) жүргендерді 15 тәулікке қамауға алып, 7 жылға куәліктен айыру керек. Ол үшін әкімшілік Кодекстің 592- бабына өзгеріс ұсынамыз.
2) Адам өлтірсе – аса ауыр қасақана қылмысқа жатқызу керек. Қазір ол 345-бап – байқаусызда өлтірген болып есептеледі. Біздің ұсынысымыз – бір адам қайтыс болса, 7-10 жыл, екі адам немесе одан да көп болса, (мысалы Алматыда 3 адам) онда аса ауыр қылмысқа жатқызып ҚР ҚК 345-бабына ауыстырып, қатаңдатып 10 жылдан 15 жылға дейін түрмеге қамау керек.
3) Оларға көмектескен полиция қызметкерлеріне қатысты ҚР ҚК 370-бабына адам қайтыс болса, полиция қызметкерін 7 жылдан 10 жылға дейін түрмеге қамау керек» . Дегенмен Мәжіліс депутаты айыппұл мөлшерін көбейтуге қарсы.
– Алматыда әл Фараби көшесінде 3 адам қайтыс болған авариядан кейін жылдамдықты асырған жүргізушілерге айыппұлды тағы көбейту керек деген ұсыныстар пайда болды. Ондай бастамалар полицияға қатысы бар адамдардан шығады, дұрыс емес. Жалпы айыппұл қасақана заң бұзғандарды тәрбиелемейді, – дейді.
Кейінгі 10 жылда айыппұл көлемі 5,5 есе, ал жол-көлік оқиғалары екі есеге жуық артқан. Экономист Ерлан Кәрімов жол қауіпсіздігі мәселесін тек айыппұлмен шешу мүмкін емес екенін айтады.
– Біз айыппұлдың бюджетке түсімін ғана көріп отырмыз. Бірақ оның артында қаншама адам өмірі мен экономикалық шығын тұрғанын ескермейміз, – дейді сарапшы. Оның айтуынша, адам өмірінің экономикалық құнын есептеу арқылы мәселенің ауқымын түсінуге болады. Мәселен, өткен жылы жол апатынан 2 330 адам қаза тапқан. Осыған сүйенсек, тек өлім-жітімнің өзінен келетін шығын шамамен 1,4 млрд долларды құрайды. Бұл тек тікелей шығын. Ал жарақат алғандар, мүгедектік, медициналық және әлеуметтік шығындар бұған кірмейді.
Тәртіп сақтамасаңыз, қалтаңыз қағылады
Жыл басында айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемі өсті. Соған сәйкес айыппұлдардың да мөлшері автоматты түрде артқаны белгілі. Бұрын көпшілік мән бере бермейтін ұсақ құқықбұзушылықтар қалтаға кәдімгідей салмақ салуы мүмкін. Енді «ештеңе емес қой» деп жүре беретін әрекеттер әкімшілік жауапкершілікке әкелуі мүмкін. Мәселен, көпқабатты үйлердің подъезді мен ауласы қоғамдық орын болып есептеледі. Сондықтан бұл жерлерде ішімдік ішу заңды бұзу. Алғаш рет анықталса 21 625 теңге айыппұл салынады, қайталанса 43 250 теңгеге дейін өседі. Кей жағдайда 5 тәулікке дейін әкімшілік қамау да қарастырылған.
Кейінгі жылдары жиілеген тағы бір мәселе – вандализм. Қабырғаға жазу, шамдарды сындыру, пошта жәшіктерін бүлдіру немесе подъездегі ортақ мүлікті зақымдау енді «балалық» әрекет ретінде қаралмайды. Мұндай құқықбұзушылық үшін 216 200 теңге айыппұл салынады немесе 20 тәулікке дейін қамауға алу жазасы қолданылуы мүмкін. Қайталанған жағдайда қамау мерзімі 30 тәулікке дейін ұзаруы ықтимал.
Сондай-ақ тұрғындардың жиі жіберетін қателігінің бірі – подъездегі артық заттар. Есік алдына шкаф, қорап, велосипед немесе балалар арбасын қалдыру өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу болып саналады. Бұл үшін алғаш рет 21 625 теңге, қайталанса 43 250 теңге айыппұл қарастырылған. Ал қоқысты подъезд немесе аулаға тастау 43 250 теңге айыппұлға немесе 40 сағат қоғамдық жұмысқа әкелуі мүмкін. Егер жағдай қайталанса, айыппұл 86 500 теңгеге дейін өседі.
Подъезде темекі шегу де енді қатаң бақылауда. Алғаш рет 64 875 теңге айыппұл салынса, қайталанған жағдайда 86 500 теңге төлеуге тура келеді.
Түнгі тыныштықты сақтау мәселесі де өзекті. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 437-бабына сәйкес, жұмыс күндері сағат 22:00-ден 09:00-ге дейін, ал демалыс және мереке күндері 23:00-ден 10:00-ге дейін шулауға болмайды. Бұл уақытта қатты музыка қоюға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге, айқайлап шулауға немесе фейерверк атуға тыйым салынады. Талапты бұзған жеке тұлғаларға 21 625 теңге айыппұл салынады, қайталанса 43 250 теңгеге дейін көбейеді.
Бұдан бөлек, тіркеу мәселесіне де назар аудару қажет. Жаңа мекенжайға көшкен азамат 30 күн ішінде тіркелуі керек. Уақытында тіркелмесе 30 275 теңге айыппұл қарастырылған, ал қайталанса 56 225 теңгеге дейін өседі. Пәтерді тіркеусіз жалға берген меншік иесіне 43 250 теңге айыппұл салынады, қайталанған жағдайда бұл сома 86 500 теңгеге жетеді.
Айсәуле ҚАРАПАЕВА,
«Сыр бойы»






