Мұнан бұрын хабарлағанымыздай, ағымдағы жылдың 23 сәуірінен бастап республика көлемінде «Медицина жаныңда!» ұранымен кең ауқымды акция өткізілуде. Ондағы мақсат – медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру бағытында дәрігері жоқ шалғай елді мекен тұрғындарына арнайы дәрігерлік бригадалар арқылы медициналық және консультативті көмек көрсету, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы жан-жақты түсіндіру және саламатты өмір салтын ұстануға шақыру.
Сырдария ауданындағы Қалжан ахун ауылында басталып, Жалағашта жалғасын тапқан шара өткен сенбіде Шиелі ауданы, Бидайкөл елді мекенінде өтті.
Бидайкөл ауылында 4 мыңға жуық тұрғын болса, оның 1381-і бала. Мұндағы дәрігерлік амбулаторияға күніне 80-ге жуық адам келеді. Екі аймақ бойынша 2 дәрігер, 6 медбике жұмыс жасайды.
Шара барысында тұрғындарды Шиелі ауданаралық ауруханасының кардиолог, окулист, невропатолог, педиатр, эндокринолог мамандары қабылдады. Тұрғындардың қан қысымы өлшеніп, қандағы қант пен холестерин мөлшері тексерілді. Сонымен бірге, ауыл адамдары ЭКГ, УДЗ аппараттарына түсіп, мамандар кеңесін алды. Жылжымалы рентген флюорографиялық құрылғысы да тұрғындар үшін арнайы әкелінді.
Акцияға арнайы келіп, кардиолог маманына жүгінушінің бірі – еңбек ардагері Жақсылық Әлиев осындай шараның ауылдарда жиі өткізіліп тұрғанын қалайды. Себебі, ол жүрек ауруымен диспансерлік есепте тұрады екен.
– Мен жүрек ауруымен есепте тұрамын. Сондықтан кардиолог маманының көмегіне, ақыл-кеңесіне жиі жүгінуге тура келеді. Бүгінгі шараны естіп әдейі келдім. Жаңа қан қысымымды өлшеп, кардиограммаға түсірді. Аудан орталығына барып, маманға қаралу біз секілді ауыл тұрғындарына оңай емес. Сол себепті бүгінгідей шараның жиі ұйымдастырылғанын құптаймын, – деді ол.
Окулист маманында кезек күткен ауыл тұрғыны, зейнеткер Ұлмекен Назарбекова да пайдасы мол осындай шараны ұйымдастырушыларға ризашылығын жеткізіп, аналық алғысын жаудырды.
– Аудан орталығына барып, дәрігерге қаралу үшін арнайы бір-екі күнімізді арнауымыз керек. Бүгінгідей шаралар біз үшін өте тиімді. Ұйымдастырушыларға алғысымды айтамын. Барлық маманға қаралып шыққым келеді. УДЗ аппаратына да түстім. Мамандар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі туралы жан-жақты айтып, түсіндіріп берді. Біраз жайға қанығып, жаңа жүйенің ерекшелігі, маңызы жайлы терең біліп қалдық. Рақмет, айналайындар, – деп ағынан жарылды ана.
Бидайкөлдіктер дәрігерлік тексеруден өтумен қатар, келер жылдан бастап қолданысқа енгізілетін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы да кеңінен мәліметтер алды. Жаңа жүйенің маңызы жөнінде, оның шарттары туралы сақтандыру қорының облыстағы бас эксперті Абылайхан Рахымов тұрғындарға жан-жақты түсіндіріп, сұрақтарына тұшымды жауап берді.
Шиелі ауданаралық ауруханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары Бақтыгүл Мұсағалиеваның айтуынша, ауданда 77 мыңнан астам тұрғын бар. Оның 26 мыңнан астамы бала болса, әйелдер саны 38 мыңды құрайды. Оның 16 мыңнан астамы туу жасындағылар. Оларға ауруханаға қарасты 19 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік бөлім, 13 медициналық пункт жұмыс жасайды. Аудан бойынша белгіленген 47 аймақ 100 процент дәрігермен қамтылған. Ауданда тұрғындарға медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, медициналық қызмет сапасын жақсарту мақсатында скринингтік тексерулер жүргізіп, дәрігерлер бригадасын елді мекендерге жіберіп, қабылдаулар өткізу жолға қойылған.
Акция аясында №148 мектеп өрендері ән-биден шашу шашты. Өнерлі балғындар сахналаған жұртшылықты зиянды әдеттерден аулақ болып, денсаулықтың қадірін білуге үндейтін қойылым да шара маңызын арттыра түскендей.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<