Өткен сенбіде облыс әкімі Қуанышбек Ысқақов облыс орталығындағы бірқатар нысандарды аралап көрді. Сонымен бірге, өңір бойынша 7000-ға жуық адам атсалысқан #Birge #TazaQazaqstan экологиялық акциясына да қатысты.
Алдымен облыс әкімі денсаулық және демалыс саябағының құрылыс жұмыстарын көріп, «Сыр-Ана» монументіндегі қайта жаңғырту жұмыстарымен танысты. Негізгі құрылысын «Бақ-Береке 2030» ЖШС жүргізіп жатқан, жалпы ауданы 30 гектарды құрайтын саябақ Қорқыт ата атындағы әуежайға апарар жол бойындағы Рәміздер алаңы және Тұңғыш Президент саябағы арасында орналасқан.
– Былтыр қыркүйек айында басталған саябақтың жалпы жобалық құны 1 млрд 119 млн 679 мың теңгені құрайды. Мұнда 12 комплекті 6 спорттық ойын алаңы, жастарға арналған сауықтыру орындары, веложол мен жаяу жүргіншілер жолы бар. Саябақтың ішімен арнайы қазылған бетонды каналдың ұзындығы 2 шақырымнан асады. Сонымен бірге, барлығын қосқанда 25 шақырымға жуық аяқсу каналдары тартылып, 20 мың түп тал мен 60 мың гүл көшеті отырғызылмақ. Бүгінде 800 миллионнан аса қаржы игерілді. Бұйырса, келесі жылы демалыс саябағы халықтың игілігіне беріледі, – деді «Бақ-Береке 2030» ЖШС атқарушы директоры Айбек Ерназаров.
Мұнан кейін аймақ басшысы Сырдария өзенінің сол жағалауында болып, сол жағалауды дамыту жоспарымен танысып, жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарын көрді.
– Өздеріңіз білесіздер, өткен аптада Арал, Қазалы, Жалағаш, Шиелі, Жаңақорғанды аралап, елді мекен тұрғындарымен кездесіп, ардагерлердің ой-пікірлерін, халықтың ұсыныстарын тыңдап келдім. Атқарылып жатқан жұмыстармен таныстым. Бүгін енді облыс орталығын көріп шықтым. Барлығымыздың басты мақсатымыз – халық игілігі үшін жұмыс істеу. Ендігі міндет – Қырымбек Елеуұлы бастаған маңызды шаруаларды жалғастыру, бүгінгі күннің ең өзекті мәселелерін анықтап, оны дер кезінде шешу. Ол үшін аймақтың негізгі бағыт-бағдары айқын көрсетілген 12 бағытты қамтитын Қызылорда облысын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2019-2022 жылдарға арналған кешенді жоспарын жүзеге асыруымыз керек, – деді облыс басшысы.
Осы күні облыс әкімінің қатысуымен #Birge # TazaQazaqstan экологиялық акциясы кезекті рет ұйымдастырылды. Өткен айдан бері ҚР Үкіметінің басшысы А.Маминнің бастамасымен қолға алынған акция Сыр елінің қызу қолдауына ие болған еді. Алғаш болып үн қосқан аймақ жұртшылығы Аралдағы «Көкарал» бөгетінің маңын тазартудан бастаған болатын. Аймақ басшысы барлық аудандар мен елді мекендерді тазалық жұмыстарына атсалысуға шақырған еді.
– Акцияға қатысушылар су айдындары және елді мекен аумақтарына тазалау жұмыстарын жүргізіп, нәтижесінде 17 528 м3 қоқыс шығарылды. Сонымен бірге, қаладағы Сырдария өзенінің оң жағалауындағы 8 шақырым аумаққа облыстық, қалалық мекемелер, ерікті жастар, үкіметтік емес ұйымдар мен мәслихат депутаттары, қоғам белсенділері және тұрғындар, барлығы 2000-нан астам адам жұмылдырылып, тазалық жұмыстары жүргізілді. Келесі экологиялық акцияны алдағы 10-шы тамызға өткізу жоспарлануда, – дейді облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының бөлім басшысы Болат Бисенбаев.
Акция әр сенбі сайын күзге дейін жалғасын таппақ. Ал шара аясында қатысушылар тарапынан жақын маңда орналасқан тұрғын үй иелеріне қоқыстарды бей-берекет тастамау жөнінде түсіндірме жұмыстары да қосымша жүргізіліп жатыр.
Ержан ҚОЖАСОВ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<