Өңірге инвестиция тарту – әкімдіктің басым бағыттарының бірі.
Аймақта түріктің «AKSA Energy» компаниясы ТМД елдерінде теңдесі жоқ заманауи жылу-электр орталығының құрылысын салуға ниет білдіргенін осы кезге дейін хабардар еттік. Ендігі міндет – жобаны сапалы әрі уақытылы аяқтау. Осы ретте облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасы аясында облыс әкімінің орынбасары Мархабат Жайымбетов көршілес Өзбекстан Республикасына барды.
Іссапардың мақсаты – Ташкент қаласының Кибрай ауданындағы 470 МВт-тық бу-газ турбиналық қондырғысының жұмысымен танысу. Өйткені, Сыр өңірінде жылу-электр орталығының құрылысын салатын «AKSA Energy» компаниясы нысанды осы мемлекетте жүргізген болатын.
Мархабат Жайымбетов «AKSA Energy» компаниясының біздің өңірге бу-газ турбиналық қондырғысын салуға жауапты жоба менеджері Алған Саракогулымен кездесіп, құрылыс жұмыстарын жүргізу барысында туындайтын барлық мәселелерді кеңінен талқылады. Сала мамандарымен пікірлесіп, бу-газ орталығының жұмыс жасау процесімен танысты.
Басқосуда Алған Саракогулымен бауырлас екі ел арасында қолға алынған жобаның маңыздылығы, Қызылорда қаласында құрылыс жұмыстары басталатын үлкен жоба туралы әңгіме болды.
Айта кетейік, Президент тапсырмасы аясындағы заманауи қондырғылар республиканың екі аймағында салынады. Алғашқысы біздің облыста жүзеге аспақ. Құны 215 млрд теңгеден асатын жоба құрылысы 36 ай ішінде аяқталып, құжаттамасына сәйкес 2025 жылы іске қосу жоспарланған.
Қуаттылығы 240 мегаватқа жететін жаңа нысан қаланың энергия мен жылу қажеттілігін қамтамасыз етіп, энергетикалық қауіпсіздікті күшейтуге мүмкіндік береді.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<