Бүгінде жас та, жасамыс та телефонға таңулы. Айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған алақандай құрылғының пайдасынан зияны көбейіп бара жатқан секілді. Биылғы жылдың алты айында алаяқтық бойынша 560 дерек тіркеліп, оның 441-і ғаламтор желісінде орын алған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижесінде интернет-алаяқтық қылмыстарының 30 пайызы ашылған. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте айтылды.
– Қылмыскерлер халық қаражатын жымқырудың түрлі тәсілдерін қолдануда. Әсіресе, әлеуметтік желілердің мүмкіндігін ұтымды пайдаланып отыр. Алаяқтар жалған интернет хабарландыру орналастыру, интернет арқылы сауда жасау және қызмет көрсету, сондай-ақ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, жеке деректерді иемдену және бөтен біреудің атынан онлайн-несие рәсімдеу, жаңадан пайда болған тауарлық несие рәсімдеу тәсілдерін кеңінен қолдануда. Алаяқтық қылмыстардың алдын алу мақсатында халық көп шоғырланатын базар аумақтарында, ірі сауда орталықтарының алдында және қалалық демалыс паркінде түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, жадынамалар таратылды. Қала, аудан орталықтарында көлемді баннерлер орналастырылды. Сонымен қатар ОПД парақшасында тұрақты түрде бейнероликтер көрсетілуде. Соған қарамастан тұрғындар алаяқтық құрбанына айналып жатқаны алаңдатады. Алаяқтардың арбауына түспеу үшін жеке деректерді, өзіне тиесілі пластикалық карталардың мәліметтерін, sms кодтарды және құпия сөздерді ешкімге хабарламау керек. Белгісіз әрі тексерілмеген сайттар мен күмәнді сілтемелер арқылы алдын ала төлем жүргізбеңіз. Ұялы телефон және компьютерге TeamViewer, AnyDeskнемесеRustDesk Remote Desktop деп аталатын арнайы бағдарламаларды орнатпауға шақырамын, – дейді облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ілияс Жұмағұлов.
«Сақтансаң сақтайды» деген. Жеңіл, арзан дүниеге қызығып, соңында опық жеп қалмау әр адамның өзіне байланысты.
Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<