Өткен ғасырда игеріле бастаған кезеңде қалың көпшілік оның игілігін негізінен ірі державалардың қарулы күштері ғана көреді деп сенді. Расында да, АҚШ пен КСРО арасындағы бәсекелестіктің негізгі салаларының бірі болған «қырғи-қабақ соғыс» кезінде бұл бағытта нақты қадамдар жасамақ болғанын білеміз. АҚШ президенті Рональд Рейган «Жұлдыздар соғысы» деген ғаламат жобаны енгізбек болғаны есімізде. Әйтеуір құдай сақтап, ол жобалар жүзеге асқан жоқ. Десе де, осы екі мемлекет спутниктер арқылы бір-біріне жақсы барлау жүргізді. Жас кезімізде АҚШ ғарыш арқылы еліміздің (ол кезде КСРО) барлық аумағына бақылау жасайды, бақылаудың дәлдігі сонша әскери адамның погонындағы жұлдызды анық көре алады деп айтатын. Бірақ оған сене қоймайтынбыз. Сонша қашықтықтан сондай дәлдікпен бақылау мүмкін емес секілді көрінетін.
Ал қазір сол сөздердің растығына шүбә келтіре алмайсың. Қазіргі кезде ғарышты игеру өмiрдiң барлық саласына жаңалық әкелдi. Спутниктік бақылау арқылы Жердiң жасанды серiктерi елдiң географиялық жағдайын, геофизикалық өзгерiсiн, атмосферасын зерттейдi. Жер шарына қаупi бар апаттардың алдын алады. Ғарыштан түсірілген суреттерден жердің топырағының дымқыл немесе құрғақ екендігінен бастап, жерасты суының тазалығын, мұнай, газ қорының, түсті металдардың көлемін анықтайды.
Қазақстан үшін ғарыш саласының алар орны ерекше. Елімізде әлемдегі ең ірі «Байқоңыр» ғарыш айлағы орналасқан, оны әлем «Жердің бірінші ғарыш айлағы» деп мойындайды.
Бүгінгі таңда қазақстандық «KazSat» ғарыштық жүйесі екі жер серігімен қоса табысты жұмыс жасап тұр. Бұл Қазақстанның аумағын тұтастай спутниктік байланыс және теле-радио хабар таратумен қамтамасыз етіп, бұдан бөлек мемлекеттік органдар әрі ұлттық компаниялар сұраныстары бойынша қажетті деректер беріп, шалғай жатқан елді мекендердің ұялы байланыс қызметін пайдалануына жол ашты. Қазіргі күні «KazSat-3» қызметінің игілігін «Отау ТВ» жүйесіне қосылған 1 миллион пайдаланушысы көруде.
ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігі хабарлағанындай, «KazSat» байланыс жүйесі бір жылдың ішінде ел қазынасына 5 млрд теңгеге жуық табыс түсіріп, басқа елдердің спутниктерін пайдалануды азайтудың негізінде 12 млрд теңгені үнемдеп қалыпты. ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш министрлігіне қарасты Аэроғарыш комитеті мамандары келтірген мәліметтерге сәйкес «KazSat» сериялы спутниктік байланыс жүйелері – «KazSat-2» – 74%, КА «KazSat-3» – 76% көлемде жүктеліп, соның нәтижесінде Қазақстанның телекоммунациялық нарықтың спутниктік байланысқа деген сұранысын 100% жауып отырған жайы бар.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында Қазақтанда 2017 жылдан бері «KazSat-2R» ғарыштық байланыс жүйесін құрып, пайдалануға беру жобасы бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп келеді. Ол «KazSat-2» байланыс жүйесі 2023 жылы жұмысын тоқтатқаннан кейін оның міндетін әрі қарай жалғастырып кетуі тиіс. «KazSat-2R» жаңа жүйесінің қызмет ететін аумағы артып, Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттері территориясын түгел және Ресейдің орталық аумағын қамтитын болады. Елдің барлық аумағы жоғары жылдамдықтағы интернет жүйесімен қамтылып, экономиканың түрлі салаларын цифрландыруға мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, еліміздің барлық аумағына телерадио хабарларын таратуға қол жеткізіледі.
Жер бетін әртүрлі түсіруші құрал-жабдықтармен жабдықталған әуелік және ғарыштық құрылғылармен бақылау қашықтықтан зондтау деп аталады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, қашықтықтан зондтау жүйесінің қызметін пайдаланушылар – негізінен қарулы күштер мен мемлекеттік орталық және жергілікті органдар. Қазақстанда да осыған ұқсас жағдай қалыптасқан.
Ал қашықтықтан зондтау жүйесі қолданысқа берілген 2017 жылдан бері 11,5 млн шаршы шақырым таспаға түсірілген, тұтастай алғанда, ғарыштағы түсірілім және байланыс қызметін өз қондырғыларымыздың есебінен пайдаланғанымыз үшін ондаған миллиард теңге үнемдеп қалыппыз. Бүгінгі күні Жерді ғарыштан қашықтықтан зондтау құралдарын пайдалана отырып, қоршаған ортаның жай-күйiн бақылау жүзеге асырылуда.
Бастысы, мұның бәрі елімізге пайда әкеліп жатыр. Бес еселеп, он еселеп мемлекетке пайда түсіруде. Жалпы, бұл сала экономикалық тұрғыдан аса тиімді. Қазіргі таңда ғарыш нарығын назарға алар болсақ, мұның жер серіктерінен, зымыран ұшырудан, ғарышқа қатысы бар технологиялар жасаудан түсетін түсімнің көлемі аса мол. Сол себепті бұл салаға инвестиция бағыттау қажет. Бұдан ұтылмаймыз дейді мамандар.
Ғарыш саласының өзегі – қолданбалы ғылыми зерттеулер екені әмбеге аян. Ал біздің еліміз индустриялық мемлекеттен инновациялық даму жолына түсуде. Осынау жауапты міндетті орындауда білікті мамандар мен негізгі қозғаушы күш беруші ретінде Қазақстанның ғарыш ғылымы болды және бола береді де. Кезінде астрофизика және Жер әлемнің ионосферасы мен Жерді қашықтықтан зондтау (ЖҚЗ) саласындағы ғылыми-тәжірибелік зерттеудің дәстүрлі бағытын дамытатын 3 ғылыми институт – Фесенков атындағы Астрофизикалық институты, Ионосфера ғылыми институты және Ғарыштық зерттеулерге арналған институтын біріктіретін атақты академик Ө.Сұлтанғазин атындағы Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығы құрылған болатын. Міне, осылар Аэроғарыш комитетіндегі жұмыстардың теориялық-ғылыми іргетасы болып саналады. Бірнеше жыл бұрын Ұлттық ғарыштық зерттеулер және технологиялар орталығының құрамына қарайтын Ғарыштық техника және технологиялар институты (ҒТТИ) құрылған еді. Содан бері ҒТТИ ғарыштық техниканың қазақстандық үлгілерін жасау бағыты бойынша ғылыми-зерттеулік және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды нәтижелі атқарды.
Мәселен, нақты дәлдік беретін спутниктік навигация жүйесіне (ЖДСНЖ) арнап әзірленген дифференциалды станцияларды /ДС/ дайындау бағыты бойынша тәжірибелік-конструкторлық істер мәресіне жетіп, 50 данадан тұратын үлгілік партиясы әзірленді. Бұлардың бәрі де еліміздің аумағында орналастырылып, қазіргі таңда нақты жоғары дәлдікті спутниктік навигация жүйесінің кешенінде жұмыс істеуде. Сонымен бірге ЭВАК жүйесіне арналып (автожолдарда авария және апаттар кезінде шұғыл шақыру жүйесі) борттық терминалының заманауи 10 үлгілік түрі және диспетчерлік орталығы жасалды. Сондай-ақ, жылу тораптары үшін жинақтау мен деректер берудің 1000 модемі жасалып, өндіріске енгізілді.
Ғарыш ғылымының жетістіктерін ауыл шаруашылығына да енгізу бағытында егіс науқаны кезінде қауіпті зиянкестердің таралу аймағы бойынша деректер базасын жинау роботты жүйесінің 5 комплектісі қолданыста жүр.
Біздің өркениетті дамуымыздың барлық маңызды өмірлік салалары бүгінде ғарыштық технологиялармен және жасалымдармен тікелей байланысты десек, асыра айтқанымыз емес. Ғарыштық зерттеулер нәтижелері мен ғылымның осы саласының жетістіктерін шаруашылық қызметіне енгізудің экономикалық маңызы үлкен. Қазірдің өзінде халық шаруашылығының әртүрлі салалары ғарыштық зерттеулердің арқасында ғылыми және техникалық сипаттағы көптеген пайдалы ақпараттарға ие болды.
Бүгінгі таңда ғарыш мониторингін көптеген министрліктер салалық міндеттерін орындауға пайдаланып келеді. Мәселен, ҚР Экологиялық кодексіне сәйкес жасалған келісім-шарт бойынша облыс орталықтарының, қалалардың радиусы 50 шақырым белдеуде, қалдықтардың орналасқан алаңдарын қашықтықтан зондтауды жүзеге асыру көзделген. Келісім-шарт аясында салалық Геопортал (waste.gharysh.kz сайты) жүйесі іске қосылып, ғарыштық мониторинг арқылы космостық бейнесуреттерді зерделеумен былтыр Қызылорда қаласының 50 шақырым радиусы аумағында 228 рұқсатсыз қалдықтар орыны анықталды. Оның ішінде Қызылорда қаласы аумағында 115 және Сырдария ауданы аумағында 113 заңсыз қалдық орны орналасқан.
Осыған сәйкес облыстық экология департаменті Қызылорда қаласы мен Сырдария ауданына қарасты ауылдық округтер әкімдіктеріне анықталған қалдық орындарын тазарту, бүлінген жерлерді қайта қалпына келтіру бойынша тиісті шараларды атқару жөнінде нұсқау хаттар жолдады. Департаменттің жергілікті атқарушы органдармен бірлесе атқарған іс-шаралары нәтижесімен анықталған 228 рұқсатсыз қалдық орнының 105-і жойылды.
Бұл – ғарыш саласының халық шаруашылығына келтіріп жатқан пайдасы туралы бір ғана мысал. Басқа түрлі салаларға тиіп жатқан көмегі туралы жүздеп, мыңдап мысалдар келтіруге болады. Қысқасы, ғарыштық сала – экономиканың және бүкіл қоғам мен мемлекеттің ілгерілеуінің белгісі.
Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<