Алаш қайраткері ардақталды

501

0

Түркі әлемінің шоқтығы биік тұлғасы Мұстафа Шоқайдың кіндік қаны тамған Сұлутөбе жеріндегі «Наршоқы» елді мекеніне ұрпақтарының ұйытқы болуымен ескерткіш белгі қойылды.

Рухани іс-шараға Түркияның Мимар Синан көркемөнер университетінің профессоры Әбдіуақап Қара, ақын, Қазақстан Жазушылар одағы төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, мемлекет және қоғам қайраткері, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті «Мұстафа Шоқай» ғылыми орталығының ғылыми жетекшісі Әбдіжәлел Бәкір, Түркия, Күтахия Думлупынар университетінің профессоры Веджихи Сефа Фуат Хекимоғлы және тағы басқа зиялы қауым өкілдері қатысты.

Жиын соңында «Жаназар батыр» кесенесінде Мұстафа Шоқайдың аруағына Құран бағышталып, ас берілді.

Айта кетейік, Мұстафа Шоқай бүкіл ғұмырын Түркістан автономиясын құрып, Түркі мемлекеттерін бір шаңырақ астына біріктіру идеясына арнаған. Сол мақсат үшін қаншама қайғы мен қасіретке толы «тар жол тайғақ» кешуге мәжбүр болды. 21 жыл Еуропада эмиграцияда жүріп, қазақтың бостандығы үшін күресумен болды. Тіпті, Парижде жүріп, «Жас Түркістан» журналын шығарды. Өмірінің соңғы сәттеріне дейін Түркі елдерінің азаттығын аңсап өтті.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<