Қазақтың батырлары ұлтымыздың санасында ерліктің, намыстың, әділеттіліктің, адалдықтың және жүрек жұтқан батылдықтың жалауындай желбіреп келеді. Тәуелсіз ел болып қалыптасу тарихында Алаш арыстарының, батырларының ықпалы ерекше болып, олардың ерлігі өшпес із қалдырды.
XX ғасырдың бас кезі саяси өзгерістерге толы кезең болды. Осы уақытта қазақтың оқыған, сауатты, кәсіби даярлығы заманына сай зиялылары «Алаш» деп атау беріп, ең өзекті саяси-қоғамдық мәселелерді талқыға салып, ұлттық құндылықтарын сақтау мақсатында саяси партия құруды қолға алған болатын. Ахмет Байтұрсынов және оның ізбасар серіктері ұлтымызға дербес автономия алып береміз деген әрекеттерін большевиктердің төңкерісі тұйыққа тіреді. Коммунистер қозғалысына қарсы тұруға қауқарсыз екендігін білген «Алаш» партиясы шын мәнінде кеңестік билікті амалсыз мойындаған. Ахмет Байтұрсынов қазақты ағарту ісіне, оны аяғынан тұрғызуға қыруар еңбек сіңірген.
Өкінішке қарай, Сталиннің 1925 жылғы 29 мамырдағы «Ақ жол» газеті туралы хатынан кейін Ахмет Байтұрсынов және оның серіктері «ұлтшылдар» және «шоқаевшылдар» деп айыпталып, көп кешікпей, 1937 жылы қуғын-сүргіннің жаңа толқынына ілігіп, жазықсыз атылып кетті. Тарихқа зерделей көз салсақ, әр заманда ұлтымыздың батыр тұлғаларының ерлігі, Алаш азаматтарының еңбегі мемлекет құру тәжірибесі мен мемлекетшілдік мүдденің үзілмеген арқауы болды.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасына сәйкес әрбір істі жаңғырта көрсетіп, өскелең ұрпақтың бойына ұлт құндылықтарын сіңіру әрбіріміз үшін маңызды бола бермек. Бұл біздің ортақ мүддемізге айналуы тиіс.
Нәрзілдә БҮРІСҰЛЫ,
зейнеткер
Жаңақорған ауданы,
Келінтөбе ауылы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<