Жаңақорған ауданына қарасты Түгіскен ауылында белгілі кәсіпкер, ауыл шаруашылығы саласының білгір маманы Зұлпыхар Сыздықов тұрады. Осыдан отыз жыл бұрын Наурыз мерекесімен сағына қауышқан жандардың қатарында ол да бар еді. Кеңшарда еңбек етіп жүрген ол қазақ батырлары жайлы көрініс ұйымдастырған. Сол күндері арнайылап тапсырыспен жасатқан ер жігіттің бес қаруы, құрал-саймандары әлі күнге сақтаулы тұр.
– 1989 жыл еді… Бүгінгідей көз алдымда. Ұлан-асыр той жасадық. Ауылда өзара сайыс ұйымдастырдық. Қанша жыл тойланбаған ұлы күнге деген сағыныш халықтың ынта-ықыласынан-ақ байқалып тұрды. Оған да отыз жыл болыпты, – деді Зұлпыхар Заманұлы.
Сауыт-сайманды сандықтың түбіне сақтап қойыпты. «Балаларым қазақ батырларының қандай болғанын біліп жүрсін» деген оймен сол күйінше сақтапты. Жұртшылықтың белсенділігінің жоғары болғанын, тайлы-таяғымен Ұлыстың ұлы күніне жиналғанын еске алған Зұлпыхар аға бұл жәдігерді ұрпақтан ұрпаққа мирас ететінін жеткізді.
– Қазақ батырларын келешек ұрпақ ертегі кейіпкеріндей көрмес үшін мұндай құндылықтар әрбір үйдің төрінде тұруы керек. Бұл біздің қазақы қалпымызды жоғалтпай, өскелең ұрпаққа өнегелі тәрбие берерімізге кепіл болмақ, – деді З.Сыздықов.
Бүгінде күбі пісу, ер-тұрман жасау, қол диірмен тарту тәрізді ұлттық болмысымыздан ажырамайтын өнермен айналысатындарды күндіз шам алып жүріп іздеуге айналдық. Ұлт мұратын өз мүддесімен байланыстырған Зұлпыхар Заманұлының үйіндегі батыр дүниесі де баға жетпес мұраға баланары сөзсіз.
Дәулет ҚЫРДАН.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<