Албанияның алғашқы сенсациясы

260

0

Сурет ашық дереккөзден

Өткен аптаның жұмасынан бастап Германияда футболдан Еуропа чемпионаты жалауын көтерді. Құрлықтық додада барлығы 24 құрама алты топқа бөлініп, өзара тартысты қыздыра түсті. Қазірге дейін төрт топта алғашқы турдың ойындары өткізілді.

Беделді бәсекенің тұсаукесер ойынында Германия құрамасы Шотландия ойыншыларын ойсырата жеңді. Есеп – 5:1. Ойынның 10-минутында Флориан Вирц қақпадан саңылау тапса, Кай Хаверц 19, 46-минутта екі гол  соқты. Ал Никлас Фюллькруг 68, Эмре Жан 93-минутта есепті үстемелей түсті. Олардың қатарынан 87-минутта Антонио Родригер автогол авторы атанды.

Аталған топта Венгрия алғашқы кездесуде Швейцарияға 1:3 есебімен жол берді.

В тобындағы азулы Испания құрамасы бірінші ойынын сәтті өткізді. Олар тәжірибелі Хорватия футболшыларымен кездесіп, жасыл алаң төрінде жарқылдай көзге түсті. Лука Модрич секілді шеберлігі жоғары ойыншылар да испаниялық саңлақтарға тойтарыс бере алмады.   Ойынның 29-минутында испаниялық Альваро Морато есеп ашса, Фабиан Риус 32-минутта басымдықты арттырды. Ал 47-минутта Даниэль Карвахаль қорытынды есепті белгіледі. Осылайша олар қарсыласын 3:0 есебімен тізе бүктіріп, турнир кестесінде көш басына шықты.

Бұл топтағы Италия құрамасы Албанияны 2:1 есебімен тізе бүктірді. 2020 жылғы Еуропа чемпионы атағын жеңіп алған итальяндық футболшылар өз қақпасына жылдам гол жіберіп алды. Олардың қорғаныс шебіндегі ойыншылар 23-секундта өз айып алаңында өрескел қателікке бой алдырды. Оны албаниялық Недим Байрами шебер пайдаланып, өз құрамасын алға шығарды. Бұл – Еуропа чемпионатының алпыс жылдан астам тарихындағы ең жылдам соғылған гол. 2004 жылы Ресей футболшысы Дмитрий Кириченко 68-секундта қанжығасын майлаған еді.

Сондай-ақ С тобындағы Англия құрамасы Сербияны 1:0 есебімен сүріндірсе, Словения мен Дания 1:1 есебіне қанағат білдірді.

Ал D тобында Польша Нидерланд құрамасына 1:2 есебімен есе жіберсе, бұл топтағы Австрия мен Франция ойыны кеше, 17 маусымда өтті. Оған қоса Е тобындағы Бельгия мен Словакия, Румыния мен Украина кездесті.

Бүгін F тобындағы Португалия мен Чехия, Түркия мен Грузия шеберлік байқасады.

Құрлықтық дода ойындары Германияның Берлин, Дортмунд, Дюссельдорф, Майндағы Франкфурт, Гельзенхиркен, Гамбург, Кёльн, Лейпциг, Мюнхен, Штутгарт секілді қалаларында өткізіледі.

Доп додасында қазылық ететін төрешілер Англия, Аргентина, Германия, Испания, Италия, Нидерланд, Польша, Португалия, Румыния, Словакия, Словения, Түркия, Франция, Швейцария, Швеция елдерінен келген.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<