Альбаркас немесе үш тақалы ағаш аяқкиім

1072

0

Фото автордан

         Музей қорында ағаштан ойып жасалған аяқкиім түрібар. Бір қызығы, бұл аяқкиім үш тақалы. Ағаш аяқкиімнің тарихын зерттей келе, аяқ киімнің Испаниядан бастау алғанын байқау қиын емес. Испания елінің Кантабрия провинциясында кең етек алған ағаш аяқ киім«альбаркас» деп аталады екен. Аяқ киім үш бөлек тақадан тұрады. Көбінде «Кантабрия альбаркасы» деп аталған. Испанияның солтүстігіндегі Кантабрия шаруалары пайдаланғандықтан қатты ағаш аяқ киім ел арасында «Кантабрия альбарккасы» деп аталғанға ұқсайды.

         Кей деректердекөршілес Астурия провинциясында мадрен стилінде әлі күнге дейін ауылдық жерлерде кеңінен қолданылып келеді делінген.Бір тақасы өкше тұсында, ал қалған екеуі табан жастықшысының бөлігінде орналасқан.Испанияның Кантабрия провинциясында Атлант мұхиттық жылы ауа массасының болуы мен ылғалдылықтың  жоғарылығы салдарынан мұхит жағалауы халқы балық шаруашылығына бейім келген.

        Балшықтан таза шығу мақсатында халық ағаш аяқ киімнің үш тақалы түрін ойлап тапқанға ұқсайды. Альбаркостар балшықты жерлерде аяқтың бүлінбеуіне көп септігін тигізген. Тақаларының конус формасы балшықты жерлерде сырғанап кетпей, нық тұруға әрі аяқ киімнің бүлінбеуіне көмектескен. Тақалы аяқкиім қазіргі таңда сәндік үшін қолданылса, ертеректе балшықты өңірлерде гигиеналық мақсатта әрі жұмыс ритмін сақтау (балшықта жүру жұмыс жылдамдығын бәсеңдетеді) мақсатында кеңінен қолданған.

            Музей қорындағы ағаш аяқ киімнің басы сүйірленіп қайқы келген, аяқ киім бүтін ағаштан ойылып жасалған.Тақаларының төменгі жағы үшкірленген, табан бөлігі жалпағырақ келген. Ұзындығы – 34 см, ені – 11см, қалыңдығы – 1см,өкше тақасының биіктігі – 8см, табан жастықшысының бөлігінде орналасқан тақа биіктігі – 7см. Аяқ киім 43-44өлшемді келген.

         Ағаш аяқкиімдер көптеген елдердің дәстүрлі киім үлгісі болып табылады. Ағаштан жасалған аяқ киімді Европа елдерінде қарапайым адамдар мен балықшылар киген. Алғашқы аяқкиімдердің қалай қай елде пайда болғандығы туралы нақты мәлімет айту қиын.

         Археологтардың зерттеу жұмыстары нәтижесінде б.з.д 15 мың жыл бұрын тасқа салынған суреттер Испания жерінен табылған. Қазіргі таңда көптеген адамдар тақалы аяқкиім әйелдердің қажеттілігінен туындады деген қате ойда жүр. Людовик ХҮІ заманында тақалы аяқкиімдердің тақа биіктігі лауазымына байланысты өзгеріп отырған. Тақа биіктеген сайын лауазымы жоғары екендігін аңғартып отырған. Әйелдердің тақалы аяқкиімін алғаш ойлап тапқан ХҮІ ғ. Екатерина Медичи күйеуінен бойының қысқалыған жасыру мақсатында ойлап тапты деседі.

         Ал, қазақ даласында малшылар «тұяқ-тақа» деп аталатын аяқ киім түрін пайдаланған. Тұяқ-тақалар аяқ киімді, яғни тері кебіс, шарықты балшықтан не мал көңінен сақтап, таза ұстау үшін қолданылған. Жылқы тұяғынан жасалатын тақалар бертін келе ағаштан жасала бастаған. Тұяқ-тақаның жасалу мақсаты альбаркастармен үндес. Тұяқ-тақаның жасалу техникасы жаңа сойылған жылқының төрт тұяғын ажыратып, тазалап алады да, алдыңғы аяқтың тұяғы мен артқы аяқтың тұяғын  жұптап, бірнеше жерінен тесіп қайыстан бау жасап аяқ киімге матап байлап алған.

         Аталмыш экспонат музей қорына атақты коллекционер Азат  Әкімбектің 2015 жылы ұйымдастырған көрмесімен бірге келіп, коллекционер өз коллециясынан бірнеше затпен қоса осы бір ерекше ағаш аяқкиімді музей қорына құрметпен тапсырған. 

Ләззат ЖАЛҒАСБАЙҚЫЗЫ,

Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану

музейінің ғылыми қызметкері