Алдағы 4 жыл тәжірибе жинауға жетеді — Әбиба Әбужақынова

202

0

Фото: Қазақпарат

Париж Олимпиадасынан елге оралған дзюдодан Қазақстан құрамасының мүшесі Әбиба Әбужақынова жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті.

«Ыстық ықыласпен күтіп алғандарыңызға рақмет. Осы жолы 5-орынмен қайттым. Алдағы жарыстарда көк туымызды биіктен желбіретуге уәде беремін. Менің жақсы күресіп келе жатқаныма 2 жыл ғана болды. Қалған қарсыластарым бұрыннан жүлдегер болып жүрген қыздар. Тағы да 4 жыл маған тәжірибе жинауға жетеді деп ойлаймын. 48 келіде қаламын», – деді спортшы.

Қазақстандық дзюдошы ел намысын осы жылдың қазан айында Абу-Дабиде қорғамақ.

«Қазанның 13 күні Әбу-Дабиде өтетін Grand Slam турнирінде күресемін. Оған 2 ай бар. Бұйырса 2 аптадай демалып, қайтадан жаттығуға ораламын. Бірақ Олимпиада кезінде шағын жарақатым болды», – дейді ол.

Сондай-ақ дзюдошы қыз жеке өміріне байланысты сұрақтарға да жауап берді.

«Келесі Олимпиадаға дейін тұрмыс құру маған кедергі емес. Тұрмысқа шықпаймын деп ашуланып айттым. Бұл туралы әлі ойланып көремін», – деді Әбиба Әбужақынова.

Еске салайық, отандасымыз қола медаль үшін таласта швециялық жас балуан Тара Бабульфаттан ұтылып қалған болатын. 

Әбужақынова жұбаныш белдесуінде Парагвай дзюдошысы Габриэла Нарваесті ұтып, қола медальға таласу мүмкіндігіне ие болаған еді. 

Сондай-ақ, Әбиба Әбужақынова бірінші белдесуінде Израиль балуаны Сара Ришониді Waza-Ari ұпайымен жеңсе, екінші кезеңде Тайпей спортшысы Чен-Хао Линнің жауырынын 17 секундта жер иіскетті.

Өкінішке қарай, отандасымыз Олимпиада ойындарының үшінші айналымында қарсыласына жол берген болатын. 

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<