Алдын алу – ауруға тосқауыл

664

0

Оба – Жер шарының көптеген елдерінде кездесетін табиғи ошақты аса қауіпті карантиндік жұқпалы ауру. Адамзат тарихында 25 миллионға дейін жанның өмірін қиған ғасыр дертінің тарихы біздің облыста 1945 жылдың тамыз-қазан айларында тіркелген эпидемиядан басталған.

Оба қоздырғышының негізгі сақтаушылары – әртүрлі кеміргіштер. Адам мен малға ауру қоздырғышын жұқтыратын бүрге, кене сияқты қансорғыш жәндіктер. Олар ауру кеміргіштің қанын сорып, қолайлы бір сәтте кездескен адамды немесе түйені шағу арқылы ауруды одан әрі таратуы мүмкін. Оба ауруын жұқтырған түйе малы, жабайы аң және олардан алынған шикізат (ет, сүт, тері, жүн) өте қауіпті. Қызылорда облысының аймағындағы табиғи ошақта кеміргіштер арасында оба ауруы тіркеліп тұрады.

Оба адамдарды бүрге шаққанда (трансмиссивті), қарым-қатынас кезінде, яғни аңды сойғанда және терісін сыпырғанда, ауа-тамшылы, өкпе түрімен ауырған адам сау адаммен байланыста болғанда, алиментарлы жолмен (ауру жануарлардың етін жеген кезде) жұғады.

Белгілеріне келсек, 2-6 күннен соң біліне бастайды. Бұл уақыт ішінде микробтар адам ағзасын жайлап, уын жаяды. Жасырын кезеңнен кейін адамды ауру билеп, әлсірете бастайды. Науқасқа шалдыққан адамның басы ауырып, лоқсып құсады, қан тамырларының соғуы жиілеп, дене қызуы 38,5-39,50С-ке көтеріліп, есінен танады. Сөйлегенде тілі күрмеліп, әрең үн қатады, сандырақтап сөйлейді, көзі қанталап, қызарып кетеді. Ауру белгілері оның жұғу түріне байланысты болады. Аңның, тышқанның терісін сыпырғанда, обадан өлген түйені сойғанда жұқса, ол адамның қолтық пен тамақ бездері іседі. Ал бүрге, кене арқылы жұққан болса, шаққан жерге таяу бездер ісініп, қабынады, аяқтан шақса адамның шап бездері, кеудеден, қолдан немесе мойыннан шақса қолтық, тамақ бездері іседі.

Қабынған бездерде қатты ауру пайда болып, қол тигізбейді. Без обасы асқынған кезде адамның өкпесіне шабады. Мұндай жағдайда науқас жөтелгенде, шашалғанда қан аралас қақырық тастайды. Ауру адамның сілекейіндегі микробтар үй ішіне тез таралып, сау адамдарға жұғуы мүмкін. Сондықтан осы көрсетілген ауру белгілері байқалса, шұғыл түрде дәрігерге қаралу керек.

Обаға қолайсыз аумақтарда тұратын адамдарға эпидемиологиялық көрсеткіштер бойынша екпе жүргізіледі. Сонымен қатар, түйеге де обаға қарсы екпе салынады. Халық арасында аса қауіпті жұқпалы аурулардың алдын алу бойынша санитарлық-ағарту жұмыстары жүргізіледі. Белгілі бір аймақ шегінде инфекцияның таралуын анықтаған кезде обаға қарсы мамандар дератизация (кеміргіштерді жою) және дезинсекция (жәндіктерді жою) шараларын жүргізеді.

Далада жүргенде ауру белгісі байқалған жабайы аңдарға жақындамаңыздар, өліп жатқандарын қолмен ұстауға мүлде болмайды. Сондай-ақ үйіңіздің іші мен айналасында тазалық сақтап, тышқан мен бүргені жою шараларын жасағаныңыз жөн. Ал жалпы мал, соның ішінде түйе соятын болсаңыз, оны алдын ала арнайы ветеринарлық тексеруден өткізгеніңіз жөн. Бұл шаралар – оба ауруының алдын алудың негізі.

А.НАМЕТШАЕВА,

Қызылорда обаға қарсы күрес станциясы филиалы зертханасының меңгерушісі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<