Алдына қара озбаған алтын тұяқ

1513

0

Қырғыз елінің Қарқара жайлауында қырғыз жазушысы Түгелбай Садықбековтің 110, қырғыз өнерінің қайраткері Советбек Жұмағұловтың 90 жылдығы құрметіне арналған той өтті. Көкпар шауып, спорттық ойындар бәйгесі ұйымдастырылды, қырғыз-қазақ ақындары айтысқа түсті.

Осыдан бір күн бұрын Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Қырғызстанның Шолпан-Ата қаласында кездескен болатын. Бұл айтыс өзара ынтымақтастық қарым-қатынастардың өзегі болған осы кездесудің рухани жалғасындай еді.

Еларалық айтысты Қырғызстан Президенті Садыр Жапаровтың өзі ашып, қырғыз-қазақтың үзеңгілес мұраты мен үзілмейтін бауырластығы жайында айтты.

Айтысқа біздің елімізден Абзал Қажымұқан, Талғат Мықи, Мұрадым Мейірлан және айтыстың ақтаңгері, үш мәрте «Алтын домбыра» сыйлығының иегері, жерлесіміз Мұқтар Ниязов қатысқан болатын.

Қырғыз жайлауының түндігін желпілдеткен айтыс аламанында шашасына шаң жұқпаған жүйрік Мұқтар Ниязов тағы да бас бәйгені олжалады.

Бұл Мұқтар ақынның Қырғызстаннан үшінші мәрте алып отырған бас бәйгесі екен. 

Өзге ақындарымыз да олжасыз қалмады.

Сейсенбі күні ауылға оралған жеңімпаз жерлесімізді облыстық мәдениет және спорт басқармасының басшысы Р.Рүстемов бастаған өнер адамдары, айтыс жанкүйерлері қарсы алып, құрмет көрсетті.

Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<