Бірнеше апта бұрын әлеуметтік желіде кезінде Қызылорда аруы атанған Гүлнұр Нұртазаның дәмханалардың бірінде ыдыс жуып жүрген видеосы тарады. Тіпті, Гүлнұрдың хикаясын ресейлік арналар көрсетті.
Бір күнде танымал болған ару ыдысты «жетіскенінен» жуып жүрмегенін айтты. Одан тапқан ақшасын сырттай оқуына төлейді, өзінің денсаулығына, жолына және тамағына жеткізеді.
2 наурызда Гүлнұр Нұртаза Денсаулық сақтау министрі Алексей Цоймен сөйлескенін хабарлады.
«Министрдің кеңесшісі менің нөміріме хабарласып, телефон тұтқасын Алексей Цойға берді. Министр менің ем-домым жеке бақылауда болатынын айтты. Қажет болған жағдайда ота жасаймыз деді», – деп, сүйіншісімен бөлісті Гүлнұр Нұртаза.
Қызылордалық арудың айтуынша, оған сұрақтар туындаған жағдайда тікелей хабарласу үшін министр көмекшісінің жеке нөмірі берілген.
Гүлнұр 15 жасында жүрек талмасынан көз жұмған әкесінен айырылған. Ал, анасы былтыр қыркүйегінде коронавирустан көз жұмған. Гүлнұрға жүрек ауруы әкесінен генетикалық түрде берілген. Ол басы айналып, мұрны жиі қанайтынын айтқан.
«Білесіз бе, маған көмектесіп жатқан, жылы сөзін аямайтын үлкен апалар, ағайлар, әпкелер көп. Тіпті, бір апа «балапаным, сен жалғыз емессің, маған келіп, қызым болшы» деп күнде хабарласып, жағдайымды сұрайды. Жасырын қалуды жөн санайтын бір кісі Алматыдағы клиникаға жатқызып, денсаулығымды түзеуіме көп көмегін тигізді. Менде қаназдық ауруы да бар. Жүрегімді емдету қажет. Қазір әртүрлі дәрі-дәрмек пен дәрумен қабылдап, өңім кіріп қалды. Барлық жанашыр жандарға алғысым шексіз», – дейді.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<