Алғашқы «Айтыс олимпиадасы»

1475

0

«Достық үйінде» облыс әкімінің жүлдесі үшін «Айтыс олимпиадасы» атты облыстық балалар мен жасөспірімдер айтысы өтті. Сөз сайысы басталмас бұрын мәдениет және спорт басқармасының басшысы Мира Қазбекова Ұлттық домбыра күніне орай бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне брифинг өткізді.

Брифингте басқарма басшысы ұлттық домбыра күнінің тарихына тоқталып, облыстағы мәдениет үйлері мен клубтарында 100 домбыра үйірмесі жұмыс жасап, оған мыңнан астам балалар мен жасөспірімдер қатысатынын, мемлекеттік спорт және шығармашылық тапсырыс аясында ашылған 125 домбыра үйірмесі 2050 баламен қамтылғанын айтты.

Негізгі ұлттық домбыра күніне орай облыстың мәдениет ұйымдарында «Ұлы дала үні», «Қазағымның үнісің сен, домбыра», «Домбыра думан», «Домбыра – ғасырлар мұрасы», «Аңыз домбыра, абыз домбыра» тақырыптарында танымдық шаралар өтеді. Күйшілер байқаулары мен фестивальдар, өнер ұжымдарының концерттері, облыс музейлері мен кітапханаларында «Ел тірегі, ұлт мұрасы – домбыра», «Домбыра – дастан, домбыра – күй», «Ғасырлар пернесі», «Домбыра – қазақ халқының асыл мұрасы» атты көрмелер ұйымдастырылады.

– Балаларды айтыс өнеріне баулу мақсатында облыс әкімінің жүлдесі үшін тұңғыш рет өткізілген «Айтыс олимпиадасы» атты облыстық балалар және жасөспірімдер айтысына аудандар мен Қызылорда қаласынан 10 жас ақын қатысты. А.Тоқмағамбетов атындағы мәдениет үйінде Құрманғазы Сағырбайұлының 200 жылдығына және Ұлттық домбыра күніне арналған «Күй мен күйші» атты халық аспаптар оркестрі күйші-концертмейстерлерінің республикалық фестиваліне республиканың 8 облысы мен Қызылорда қаласынан барлығы 12 күйші келді, – деді басқарма басшысы.

Ана тіліміздің қасиетін кетірмей, байлығын ортайтпай ұрпақ санасында сақталуына айтыс өнерінің сіңірген еңбегі ұшан-теңіз. Сыр бойы айтыс тарихында Манап Көкенов бастаған ақтаңгерлер айтыс өнерінің мәртебесін биіктеткен болса, бұл көшті тәуелсіздік жылдарында қанат қаққан талантты айтыскер ақындар жаңғырта білді. Атап айтар болсақ, жерлесіміз Мұхтар Ниязовтың «Алтын домбыра» сыйлығын үш мәрте жеңіп алуы Сыр еліндегі айтыстың бүгінгі деңгейін танытады.

Жүйріктер жолының үзілмеуі үшін балғын бұлақ көзін ашу мақсатында ұйымдастырылған додаға ақ домбырасын қолға алып келген жас таланттар тамаша өнер көрсетті.

Жас ақындардың суырыпсалма өнеріне айтыскер ақын, республикалық ақындар айтысының жүлдегері Ершат Қайболдин, айтыскер ақын, республикалық ақындар айтысының жеңімпазы, Қорқыт ата атындағы университетінің оқытушысы Айнагүл Әбуова және айтыскер ақын, айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы Қызылорда филиалы бойынша төрағасы Нұрмат Мансұров қазылық етті.

Сайыс нәтижесінде тарихымыздың тамырын тереңге бойлатып, еліміздің руханиятын жаңа белеске жетелейтін қатарластарының арасынан оза шапқан Нұржігіт Биқожа мен Сымбат Жаппасбай жүлделі ІІІ орынды өзара бөлісті. ІІ орын сырдариялық Нұрахмет Мансұров пен шиелілік Дильназ Ержігітке берілсе, І орынды қызылордалық Ұлықбек Бектаев еншіледі.

Ал тұңғыш рет облыс әкімінің жүлдесі үшін ұйымдастырылған «Айтыс олимпиадасының» бас жүлдесін жаңақорғандық тамаша талант Мұхамедали Абдуллаев иеленді.

Айдар САЙЛАУОВ,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<