Кез келген дертті ауыздықтауда дәрігердің біліктілігі аса қажет. Жас та болса, білікті маман, №1 қалалық емхананың күндізгі емдеу бөлімінің меңгерушісі Назерке Сүлейменова емделушілердің алғысына бөленіп жүр.
Бөлімде науқастарға емдік, профилактикалық және қайта қалпына келтіру шаралары жүргізіледі. Дәрігер Назерке әрбір науқастың денсаулығы жақсаруы үшін білімі мен тәжірибесін жұмсап, аялы алақаны мен жылы сөзін аямайды.
Ақ желеңді абзал жанның тындырымды тірлігінің арқасында бірнеше рет Құрмет грамотасы және Алғыс хатпен марапатталды. Еңбегі еленіп, емделушілерден алғыс болып қайтқанына қуанатын маманның өз ісіне құрметі үлгі алуға тұрарлық.
Бүгінде ол отбасында аяулы жар, екі баланың анасы. Қызметте де, отбасында да жан-жағына мейірім шуағын шашып жүрген ақ желеңді абзал жан. Алғыс айту күнінде әріптестер мен келушілер ықыласын осылайша жеткізуді жөн көрдік.
Елдос ТЫНЫШТЫҚ,
№1 қалалық емхананың баспасөз хатшысы
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<