Мұсылманның қасиетті мерекесі Құрбан айт келіп жетті. Айт күндері құрбан шалу – құлшылығымыздың белгісі. Құрбан шалудағы ең маңызды жайт – оны Алла атымен арнап сою.
Біз бүгінде дүние жүзінде қаншама адамның аштықтан зардап шегіп, өлім халінде отырғанын бұқаралық ақпарат құралдарынан көріп-біліп келеміз. Бір күндік асын тоя жей алмайтындар өз жерімізде де бар. Сондықтан мұсылман ғалымдарының айтуынша, шалынған құрбанның етінен жеу – мұстахап, мұқтаж жандарға үлестіру уәжіп. Ал, әр мұсылман мұстахаптың ең көркем амал екенін, уәжіптің парызға жатқызылмаса да нақты дәлелі бар айқын іс-әрекет дегенді білдіретінін түсінеді.
Әбу-Ханифа құрбандық етін жеуге де, таратуға да болады дейді, алайда, ол – уәжіп емес. Бұйрық түрі үнемі уәжіпті талап етпейді. «Пақырды тойдырыңдар» деген бұйрық құрбан еті байларға берілмесін деген мағынаны білдірмейді. Өйткені, сахабалар құрбанның етін бай, кедей көрші-қолаң мен туыстарына да берген екен. Осы тұрғыдан қарағанда құрбан айт күндері шалынған миллиондаған құрбанның еті – бай-кедей, жетім-жесір, жас-кәрі, әйел-еркегімен бүкіл адамзатқа сый ретінде қабылданып, осы үлкен жақсылықты нәсіп еткен жомарт Жаратушыны естен шығармай, құлшылығымызды ұмытпай, адамдарға жақсылық жасауға асығуымыз шарт.
Сахабалар Пайғамбарымыз саллаллаху әлейкі саламның құрбандық шалуға жағдайы жоқ адамдардың атынан да мал сойғанын айтып кеткен.
Ендеше, жағдайы бар азаматтардың ардақты Пайғамбарымыздың ұмыт болып бара жатқан осы бір сүннетіне қайта жан бітіргені абзал һәм мол сауап деп білеміз.
Мүміндер амалымен жете алмайтын сауапқа ниетімен де жете алады дейді қасиетті кітаптарымыз. «Әркімнің ісі ниетіне қарай бағаланады. Мүмінге ниеттенген нәрсесінің сауабы беріледі» деген хадистер бар. Сол себепті құрбандық шалуға шамасы жоқтар: «Раббым, мүмкіндік нәсіп еткеніңде мен де құрбандық шалар едім» деген таза ниетте болса, Алла оған да құрбандық шалған жанның сауабындай сауап жазады дейді. Даналар мұны «амалдан ниет қайырлы» деп түсіндірген. Неге бұлай дейді? Себебі, амал есеппен немесе өзін көрсету үшін де жасалуы мүмкін ғой.
Демек, шын ниет болмаған жерде амал артқа ысырылады. Ниетсіз амалдың аздыруы да мүмкін. Қазақ «пейілі жаман пәлеге жолығады» дейді. Сонымен бірге «адал ниет аздырмайды, арамдық бой жаздырмайды», «жақсы ниет – жарым ырыс» деген де сөздер бар.
«Құрбан айт күнін мереке ретінде атап өтуге маған бұйрық келді. Бұл күнді Алла тұтас үмбет үшін мереке қылды» деген Пайғамбарымыз саллалаху әлейкі салам. Сол кезде бір кісі: «Уа, Алла елшісі, менде елдің аманат ретінде табыстаған малынан басқа мал жоқ. Сол малдан құрбандық шалсам бола ма?» деген. Пайғамбарымыз оған шашыңды, тырнағыңды қысқартып, су тимейтін жерлеріңді де жуып, тазалануың Алла есебінде сен үшін құрбандық шалғанмен тең деген жауап айтқан.
Демек, біз бұл күні таза болып, ниетімізді түзеп, бір-бірімізге қол ұшымызды созып, мүмкіндігіміз болса, құрбандық шалудың рәсімдерін орындап, жарқын жүз, жылы жүрекпен ел ішінде болуымыз керек.
Себебі, Құрбан айт дүниеқұмарлықтан, сараңдықтан алыстатып, Алланы еске алып, шүкір етуімізді сұрайды. Шексіз жомарт Алла бізге бәрін берді, құлдары да Ұлы Иеге қайтарым жасауға тиіс.
Ал, енді құрбандыққа қандай мал шалуға болады дегенге келсек, қазір бұл жөнінде жұрттың бәрі де біледі деп ойлаймыз. Бұл мәселеде баса мән беретін нәрсе малдың адал және ақаусыз болғаны. Шариғат шарттарын имам-молдалардан сұраған дұрыс.
Құрбан айт – алғыс пен ризашылық сезімге бөленетін күн. «Алтын – жердің сыйы, алғыс – елдің сыйы» дегендей, елдің сыйын иелену – ерге парыз. Міне, Құрбан айт мерекесінің мәнін де осы тұстан іздесек, адаспай табамыз.
Ең бастысы – әрине, Алла ризашылығы.
Дүйсенбек АЯШҰЛЫ,
«Сыр бойы»





