Алиментті қалай өндіреді?

573

0

Борышкерден  алиментті уақытылы өндіру бүгінде өзекті мәселе болып отыр. Алимент өндіру – соттың шығарған бұйрығын немесе атқару парағын орындау үшін сот орындаушысы атқаратын мәжбүрлі орындату шаралары. Егер үш ай бойы алимент өндірілмесе, сот орындаушысы борышкердің алимент бойынша берешегін есептейді. Берешек мөлшері борышкердің жалақысымен есептеледі. Егер борышкер жұмыс істемеген немесе оның жалақысын өзге де кірісін растайтын құжаттары ұсынылмаған жағдайда алимент берешегі Қазақстан Республикасындағы орташа айлық жалақысы мөлшерін негізге алады. Мәселен, қазіргі күні республикадағы орташа айлық жалақы мөлшері шамамен 280 мың теңгедей болса, үш  және одан көп балаға берешек мөлшері  айына осы көрсеткіштің  50  пайыз шамасында есептеледі. Ал екі балаға 33,  бір балаға 25 пайыз мөлшерінде есептеледі.  

− Осы саладағы жұмыстың нәтижесі көрсетіп отырғандай, өңірдегі борышкерлер үшін алиментті жұмыс орнынан алған жалақысының  негізінде  төлеу тиімдірек.  Жұмыссыз борышкерлер үшін  ай сайын орташа айлық жалақысы мөлшерінде қарыздың қосылуы әрине, борышкер үшін өте тиімсіз. Сондықтан жұмыссыз алимент төлеп отырған борышкер жұмысқа орналасудың  маңызын  ескерген  жөн.

Алимент төлемеген жағдайда борышкерлерге қатысты әкімшілік және қылмыстық жауапкершіліктер де қарастырылған. ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 669-бабы 1-бөлігіне сәйкес сот үкімін, сот шешімін немесе сот актісін және атқарушылық құжатты орындамағандарға бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салу немесе бес тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу қарастырылған. Биыл жыл басынан бері атқару құжатын орындамаған 180 борышкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды.  Бұдан әрі қасақана алимент төлеуден жалтарған жағдайда Қылмыстық Кодекстің  139 және 430-бабының талаптарына сәйкес қылмыстық жауапкершіліктерге  тарту қарастырылған. Сондықтан борышкерлерді соттың атқару құжаты міндеттеген  алиментті уақытылы төлеуге шақырамын.

Руслан АБДИРШЕВ,

облыстық әділет департаментінің мемлекеттік сот орындаушысы

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<