Алмақтың салмағы немесе «Мен банкротпын» деудің ақыры не болмақ?

981

0

Фото: ашық дереккөз

Банктер мен микрокредиттік ұйымдар тарапынан халыққа оңды-солды берілген несиелердің өтелуі қиынға соғуда. Түрлі себептермен несиесін бірнеше ай төлей алмай отырғандар көп. Сондықтан өткен жылдың аяғында «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттығы туралы»  Заң қабылданды. Ол наурыз айының 3-нен бастап күшіне енбек.

Бірақ халық бұл заңның кімдерге арналғанын, оның қандай пайдасы не салдары барын әлі де түсінбейді. Тіпті өтінішін қайда және кімге барып жазуды білмейтіндер де бар. Заңға өтініштер қабылдау процесі «Egov» порталы арқылы, «E salyg azamat» мобильді қосымшасы және халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жүзеге асырылады. Ал жалпы процесті қадағалау мемлекеттік кірістер органдарына жүктелген. «Мен банкротпын» деп заңда көрсетілген үш рәсім бойынша бірінші қадамды тек борышкер бастай алады. Несие беруші немесе өзге кредитор борышкерге қатысты бұл рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.

Соттан тыс банкроттық тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы қарыздар бойынша қолданылуы мүмкін, бірақ берешек 5,5 млн теңгеден (1600 АЕК) аспауы керек.  Ал одан асатын қарыздар және басқа да берешек түрлері бойынша азаматтар сот банкроттығына жүгіне алады. Сот банкроттығы рәсімінің мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру. Егер жалғыз тұрғын үй кепіл заты болып саналса, онда кредитор оны қайтарып алуға құқылы. Жалғыз баспана кепіл болмаса, кредиторлар оны талап ете алмайды. Барлық борышкерлер қаржы басқарушыларының қызметтерін төлей алмайтынын назарға ала отырып, заң жобасында мүлкі жоқ, әлеуметтік осал топтарына жататын адамдарға мемлекет есебінен ақы төлеу көзделген.

Үшінші рәсім – ол төлем қабілетін қалпына келтіру рәсімі, тұрақты табыс болған жағдайда, қарызды төлеу үшін (5 жылға дейін) сот тәртібімен бөліп төлеу жоспарын алу мүмкіндігін қарастырады. Сауықтыру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді, оны сот бекітеді. Бұл процедураның артықшылығы, кейін берешек адам «банкрот» деген мәртебе алмайды, сондықтан банкрот үшін көзделген салдар оған қолданылмайды.

Заңды қарапайым тілмен халыққа түсіндіру үшін ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мамандары әр облыста жұртшылықпен кездесуде. Алғашқы жұмыс сапары Сыр елінен бастау алған мамандар А.Тоқмағанбетов атындағы мәдениет үйінде көпшілікпен кездесті.

ҚР ҚМ МКК Берешекпен және дәрменсіз борышкерлермен жұмыс басқармасының орынбасары Айбол Аймановтың айтуынша, ел арасында егер өзін-өзі банкрот деп жарияласа, іс сонымен бітеді деген қате түсінік қалыптасуда. «Ешкімге ешқандай қаржыны қайтармаймын» деген әңгіменің еш қисынға соқпайтынын айтты. Мұндай адамдар үш жыл бойы мемлекеттің бақылауында болады.

– Олар бес жыл бойы несие алудан шектеледі. Сондай-ақ, қайда барсаңыз да алдыңыздан кесе-көлденең шығатын «Банкрот» деген «статусыңыз» жаңа бастамаларыңызға кесірін тигізуі әбден мүмкін. Сондықтан өз-өзіңізді банкротпын деп жариялаудан бұрын жақсылап ойланып, «жеті өлшеп, бір рет кес» деген ұстанымды естен шығармаңыздар. Ең бірінші, қарыз берушімен өзара келісімге келіп, оны өтеп шығуға әрекет етіңіздер. Кезінде өзіңіздің қажетіңіз үшін алған қаржыны бәрібір қайтаруыңыз керек. Ең алдымен ешкім қарызды оңай кешіре салмайтынын түсінгендеріңіз дұрыс. Бұл – қарызды өтеу жолында сізге берілген мүмкіндік. Қазір банк және микрокредиттік ұйымдармен біз де келіссөздер жүргізудеміз. Борышкерлердің қайтаратын несиесінің үстемақысын шегеріп, тек негізгі қаржыны бөліп төлеуге болатындай етіп кесте жасауға болады. Ол үшін төлем қабілетіңіздің төмендеп кеткенін немесе жұмыстан шығып қалып, денсаулығыңыздың сыр бергені жайлы анықтама апаруыңыз керек. Алайда өмірде кездесетін түрлі сынақтарға тап болсаңыз, расымен жағдайыңыз мүшкіл болса, онда бұл заң сіздерге арналған, – деді министрлік өкілі.

Тағы бір ескеретін жайт – алимент өндіру, басқа адамның өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу, сондай-ақ қылмыстық құқық бұзушылықтар үшін келтірілген зиянды өтеу бойынша берешектер де есептен шығарылмайды. Бұл категориядағылар  заң алдындағы жауапкершіліктен жалтара алмайтынын естен шығармаған жөн.

Мамандардың айтуынша, халықтың тұрмысының нашарлауы, күнкөрістің төмендеуі заңды қабылдауға негізгі себеп болған. Расымен, кейінгі кезде несиесіз ісіміз алға баспайтын болды. Бұрын жұртшылық ірі мүліктерді, көлікті несиеге алса, қазір майда-шүйде заттарды, киім-кешек, ұялы телефон, ыдыс-аяқ, тіпті азық-түлікті несиеге рәсімдейтін болды. Мәселен, Ұлттық банктің сайтындағы ресми мәліметтерге сүйенсек,  халыққа берілген кредиттер  өткен жылы 22,8%-ға, яғни 13,5 трлн теңгеге дейін өскен. Ұлттық валютадағы кредиттер көлемі 15,4% немесе 24,3 трлн теңгеге дейін ұлғайса, шетел валютасында 3,2%-ға, яғни 2,6 трлн теңгеге дейін төмендеген. Демек, күн сайын тұтынушылық несиенің артып келетіні жағдайымыздың қаншалықты екенін көрсетеді. Айлығының 49,1 пайызын азық-түлікке жұмсайтын қазақстандықтардың арасында несиесін төлей алмай отырғандар саны артпаса, кемімейтін шығар. Қарыз қашан да күліп келіп, жылап қайтады. Бұған дейін оңды-солды халыққа қарыз берген банктер мен микрокредиттік ұйымдарды да тексеретін уақыт жеткен тәрізді. Шамасына қарамай, есепсіз ақша алғандар қаржылық білімін тереңдетсе, артық етпес. «Жұрттан ұят» деген түсінікті жиып қойып, той жасауды, қымбат көлік мініп, құндыз тон киюді де бір пәс сарапқа салған жөн-ау. Қысқасы, «көрпеңізге қарай көсіл» деген тәмсілді естен шығармайық. Алмақтың салмағын сезініп отырған да боларсыз.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

 «Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<