Елімізде коронавирустың таралуы белең алып барады. Мәселен, Алматы қаласы кеше «сары» аймаққа ауысты. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев мәлім етті.
«4 шілдеден бастап Алматы қаласы «сары» аймаққа өтті. Қазіргі уақытта қаланың мемлекеттік бас санитар дәрігері қаулы даярлау үстінде. Қаулыда барлығы жазылады. Осы орайда біз әр азаматты коронавирусқа қарсы вакцина алуға және ревакцинациядан өтуге шақырамыз» деді ол ҚазАқпарат тілшісіне.
Оның айтуынша, бүгінде коронавирусқа шалдығып жатқан азаматтардың 80 проценті вакцина алмаған. «Қазақстандықтарды өзі мен жақындарының денсаулығын сақтау мақсатында вакцина алудың барлық процесінен өтуге шұғыл түрде шақырамыз. Бұл процесс ұжымдық иммунитетті қалыптастыра түсу үшін де маңызды» дейді ол.
3 шілдеде елімізде коронавирус жұқтырған 158 жағдай тіркелді. Оның ішінде Нұр-Сұлтан қаласында 35, Алматы қаласында 88, Шымкент қаласында 6, Ақмола облысында 4, Алматы облысында 5, Атырау облысында 8, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан облыстарында біреуден тіркелсе, Қарағанды облысында 7 жағдай анықталды. Осылайша коронавирус инфекциясын жұқтырғандар саны 1 307 330-ға жетті. Ал біздің облыста жағдай қалыпты.
Осы орайда мамандар аурудың алдын алудың, онан сақтанудың бірден-бір жолы – вакцина салдыру екенін айтады. Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы деректері бойынша 3 шілдеде вакцинаның 1-компонентін 9526717 адам салдырған. Екпенің 2-компонентін 9 311 459 адам алған. Сондай-ақ «Pfizer» вакцинасының I дозасын 1 224 519 адам, ал ІІ дозасын 1 154 127 адам қабылдаған.
Әлем елдерінде де эпидахуал оңып тұрған жоқ. Мәселен, Ұлыбританияда коронавирус жұқтырғандар көбейді. Бұл елдің денсаулық сақтау қауіпсіздігі агенттігінің атқарушы директоры Дженни Харрис елде бір аптада коронавирус жұқтырғандар саны 32 процентке өскенін айтты. Өткен аптада қауіпті инфекцияға шалдыққандар санының шамамен 500 мыңға артуы Omicron-ның BA.4 және BA.5 деп аталатын екі түрінің жылдам таралуына байланысты. 30 маусымда вирус жұқтырып, ауруханада төсек тартқандар саны шамамен 9 мың адам болған. Бұл ай басындағы көрсеткіштен екі есе көп. Жалпы Англияда коронавирус анықталған тұрғындар саны 1 829 100 адамға жеткен. Бұл халықтың 3,35%-ін құрап отыр. Уэльсте бұл көрсеткіш 106 мың болды, бұл халықтың 3,49%-і немесе шамамен 30 адамның бірін құрайды. Солтүстік Ирландияда тест тапсырғандар арасынан 71 мың адамнан вирус анықталған.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<