Алматы қаласының әкімін қабылдады

623

0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы қаласының әкімі Ерболат Досаевты қабылдады.

Мемлекет басшысына Алматы қаласының дамуы мен биылғы қаңтар айындағы қысқамерзімді экономикалық индикатордың өзгергені туралы есеп берілді.

Президентке қаланы қалпына келтіру жұмыстары мен зардап шеккен кәсіпкерлердің шығынын өтеу шаралары туралы баяндалды. Ерболат Досаевтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында бизнеске жедел көмек көрсету үшін жеңілдетілген тетік бойынша төлем сомасы 10 миллион теңгеге де­йін ұлғайтылған. Ал өтінімдерді қарау мерзімі екі есеге – 1 айдан 2 аптаға дейін қысқартылған. Қала әкімі қазіргі уақытта тіркелген 1413 кәсіпкердің 755-і өтемақы алғанын, 10 наурызға дейін шағын және орта бизнес субъектілері өтінімдерінің 90 пайызы орындалатынын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыру, халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдау тиімділігін арттыру шаралары туралы айтылды.

Мемлекет басшысына қалалық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту және мектептерде орын тапшылығын азайту мәселелері жөнінде мәлімет берілді.

Кездесу қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Тоқаев қаланы қалпына келтіру және бизнес субъектілеріне келтірілген залалды өтеу жұмыстарын жандандыруды, инженерлік желілерді жаңарту жөнінде ұсыныстар әзірлеуді, ескі және апатты жағдайдағы тұрғын үйлерді азайту үшін баспана қорын қайта жөндеуге ерекше назар аударуды тапсырды.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<