Иорданияның Амман қаласында өтіп жатқан 17 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Әлем біріншілігінде грек-рим күресінен қызылордалық Алпамыс Болатұлы (51 келі) күміс медаль алды.
Алғашқы белдесуде жапониялық палуанды тізе бүктірген ол ширек финалда ирандық, ал жартылай финалда Армения спортшысын қапы қалдырды. Ол финалда америкалық Джэйден Рэйниге 5:7 есебімен жол беріп, күміс медальді қанағат тұтты.
Сондай-ақ Еркебұлан Анапия (80 келі) финалда нейтралды спортшы Михаил Шкаринге 0:3 есебімен жол беріп, екінші орынға жайғасты. Ал 48 келіде қола медальға таласқан Едіге Төлеутаев 1:3 есебімен әзербайжандық Амрах Амраховтан жеңіліп, жүлдеден тыс қалды.
Аталған додаға қазақстандық балуандар толық құрамда барды. Әлем біріншілігінде грек-рим, еркін және әйелдер күресінен жалпы 30 балуан ел намысын қорғамақ.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<