Алтын дәннің арасында

538

0

Облыста егін орағы 20 тамызда басталғаны белгілі. Бүгінде 26 мың гектардан астам күріш орылды. Орылған егістің 19 мың гектарға жуығы бастырылып біткен. Салалық басқарманың мәліметіне сүйенсек, күріштің әр гектарынан орташа есеппен 46-47 центнер өнім жиналуда. Ал науқанды аяқтау мерзімі 10 қазанға белгіленіп отыр.

Қала маңындағы «Ақжарма» ауылдық округіне қарасты «Талқанбай» деп аталатын жер бар. Егістік алқап. Мұнда «Мағжан және К» ЖШС қарасты шаруашылық егіншілері 305 гектар жерге «Янтарь» күріш сортын егіпті. Өткен айдың соңында орақ салған олар жиын-терін уақытының ортасына таяпты.

Иә, көргеніміздей, дәл қазір мұнда қауырт еңбек. Күн райы бұзылмаса деген тілекпен таңмен таласа тұрып, дән бастыруға асыққан егіншілер. Дыбысы ескісіне мүлде ұқсамайтын су жаңа комбайн. Бункерге толған дәнді тіркемесімен бірге тиеуге асыққан үлкен жүк көліктері. Әне, анау жерде өз серіктеріне нұсқау беріп бригадир жүр. Міндетіне аса жауапкершілікпен қарайтын ол бір сабақ дәнге дейін шашау шығармай, қамбаға құйсақ дейді. Бар ойы да, бар мақсаты да сол.

– Мен бригадир болғалы жеті жыл. Шаруашылықтағы 10-бригаданың бригадирімін, – деп өзін таныстырды бізбен аз-кем тілдескен Талғат Іскендіров. – Ал серіктестікте 30 жылдай еңбек еттім. Ұдайы егін даласында, күріштің арасында өстім деп айтсам артық болмас. Дәннің жерге қалай түсіп, қалай көктеп, оның өнуі, өсуі, суда тұрған сабақтың көз алдыңда тербелгені адамды өзгеше сезімге бөлейді. Иә, мен өз жұмысымды өте жақсы көретін адаммын. Қарамағымда 9 күрішші бар. Техникаларымыз жаңа болған соң, жұмыс тоқтап тұрған жоқ. Егін өз уақытымен жиналуда. Тағы бір айта кетер жайт, биыл судан қиындық болды. Болмады деп жалған айтып қайтеміз, күрішті кезекпен суға бастырдық. Су насосын да пайдалануға тура келді. Бірақ күндіз-түнгі еңбектің арқасы шығар, егін биыл бітік шықты, – деді.

Бригадирдің айтуынша, «Талқанбай» учаскесіне орақ салу 29 тамызда басталыпты. Жинап біту мерзімі 25 қыркүйек. «Бұған үлгересіздер ме?» деген сұраққа, бригадир де нық дауыспен «иә» деп жауап берді.

Қазір гектарына 60 центнерден өнім жинап жатқан олар қосымша 60 гектар бидай еккен. Ол дақылды шілде айында жинап алыпты. Мал азығына керек жоңышқасы тағы бар.

Жалпы «Ақжарма» ауылдық округі бойынша 1267 гектар күріш егілсе, қазір оның 450 гектары жиналыпты. Орташа өнім гектарына 58,6 центнерден келуде. Ал бидай дақылы 172 гектар егіліп, әр гектарынан 15 центнерден өнім алған.

Ержан ҚОЖАС,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<