Сырдария ауданында «Алтын күз» ауыл спортшыларының 37-облыстық спартакиадасы мәресіне жетті. Спорттың 16 түрін қамтыған байрақты бәсекеде барлық аудандардың құрама командасы қатысып, дүбірлі додада өзара бақ сынасты.
Жарысқа қатысушылар теңге алу, асық ату, гандбол, футбол, волейбол, баскетбол, көкпар, Президенттік көпсайыс, тоғызқұмалақ, аударыспақ, қазақ күресі, үстел теннисі, кермеге тартылу, қол күресі, гір көтеру және шахмат секілді спорт түрлерінен сайысқа түсті.
Спартакиадада Шиелі ауданының командасы баскетбол (ерлер және әйелдер), көкпар, үстел теннисі, турникке тартылудан бірінші орын, шағын футбол, шахмат, теңге ілуден екінші орын алды. Ал волейболдан ерлер арасында үздік үштіктен көрінді.
Жаңақорғандық спортшылар волейбол (әйелдер), шахмат, гандбол, аударыспақтан жеңіс тұғырынан көрінсе, баскетбол (әйелдер), көкпардан екінші, баскетбол (ерлер), гір көтеру, қол күресінен үшінші орын алды.
Сырдария командасы волейбол (ерлер), асық ату, тоғызқұмалақ (ерлер) жеңімпаз болса, тоғызқұмалақтан (әйелдер), қол күресі, көпсайыс, аударыспақтан екінші, волейбол (әйелдер) үшінші орынға тұрақтады.
Жалпыкомандалық есепте Шиелі ауданы үздік атанса, одан кейінгі орындарды Жаңақорған және Сырдария аудандары өзара бөлісті.
Айта кетейік, «Алтын күз-2025» ауыл спортшыларының облыстық спартакиадасы Жалағаш ауданында өтеді.
«СБ» ақпарат
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<