Қоғамда әр саланың өзіндік орны мен мәртебесі бар. Әсіресе, еліміздің экономикасына тікелей серпін беретін маңызды саланың бірі – құрылыс саласы.
Аталмыш саланың қарқынды дамуының арқасында облыста ірі инвестициялық жобалар жүзеге асырылып, ел игілігіне берілетін небір нысандар бой көтеруде. Ілкімді істердің арқасында өңірдің экономикалық әлеуеті айтарлықтай артып келеді. Бүгін Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпарат алаңында облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Ерлан Төрәлиев құрылысшылардың кәсіби мерекесімен құттықтап, ізгі тілегін білдірді.
– Сыр өңірінде соңғы жылдары құрылыс саласы қарышты дамып, ауқымды жобалар қолға алынуда. Мәселен, биыл мемлекеттік бюджеттен 72,3 млрд теңге бөлініп, осы қаржығы облыста 150 нысанның құрылысы салынып жатыр. Оның ішінде, білім беру саласына – 20 нысан, денсаулық сақтау саласына – 20 нысан, мәдениет және спорт саласына – 20 нысан, инжернерлік сала бойынша – 63 нысанның құрылысы басталып, 26 тұрғын үйдің іргетасы қаланды. Сәйкесінше, І жартыжылдықтың қорытындысымен аймақтағы құрылыс жұмыстарының көлемі 54 пайызға артық орындалып, республикада алдыңғы қатарға шықтық. Жыл соңына дейін 150 нысанның құрылысын толық аяқтап, ел игілігіне пайдалануға беруді жоспарлап отырмыз. Ең бастысы бұл нысандардың сапалы болуы біз үшін өте маңызды. Осы арқылы құрылысшылардың тынымсыз еңбегі көрінеді. Жалпы құрылыс саласы жоғары жауапкершілікті талап ететін болғандықтан әрбір істің нәтижелі болғаны абзал. Қыстың суығы мен жаздың ыстығына қарамай еңбек етіп жүрген құрылысшылардың кәсіби мерекесімен құттықтай отырып, Сыр өңірінің дамуына өз үлесін қосып жүрген барша құрылысшыларға өз алғысымды жеткізгім келеді, – деді басқарма басшысы Ерлан Кәрімбекұлы.
Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<