«АЛТЫН САПА»: «Абай-Дәулет» және «Алтын Орда» марапатталды

934

0

Сейсенбі күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлықтарының иегерлерін марапаттау рәсімінде бейнебайланыс арқылы сөз сөйледі.

Президент өз сөзінде «Алтын сапа» байқауы 15 жылдан бері өткізіліп келе жатқанын және бүгінге дейін 150-ден астам компания Президент сыйлығының иегері атанғанына назар аударды.

–  Биылғы салтанатты жиын Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойымен тұспа-тұс келіп отыр. Мұның зор символдық мәні бар. Егемендік кезеңінде Қазақстанда бизнестің дамуына жан-жақты жағдай жасалды. Соның нәтижесінде жаңа заманға сай кәсіпкерлер шоғыры қалыптасты. Олар ұлттық экономиканың басты қозғаушы күшіне айналуда, – деді Мемлекет басшысы.

Президент атап өткендей, кейінгі 10 жылда өңдеу өнеркәсібінің экономикадағы үлесі тау-кен саласының көрсеткішінен асып, 13 пайызға жеткен. Отандық өнеркәсіпті, медицина ғылымын цифрландыру ісінде жетістік бар. Мемлекет басшысы өз Жолдауында 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге, еңбек өнімділігін 30 пайызға арттыру міндетін жүктеген болатын. Ендігі жерде бұл аса маңызды мақсатқа қол жеткізу үшін қажетті жағдайлар жасалуда. Осы ретте, «Өнеркәсіп саясаты туралы» Заңды тезірек қабылдаудың маңызы зор.

Сонымен қатар отандық бизнес көрші елдердің нарығына шығуы үшін заманауи инфрақұрылымды дамыту қажеттігі үлкен  маңызға ие.

– «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығының халықаралық орталығы табысты жұмыс істеп тұр. Сонымен қатар тағы төрт трансшекаралық хаб: оның екеуі Ресеймен шекарада, Өзбекстанмен және Қырғызстанмен шекарада бір-бірден салу жоспарлануда. Бұл транзакциялық шығындарды азайтуға, көлік логистикасының тиімділігін арттыруға және нәтижесінде экспортымызды ұлғайтуға мүмкіндік береді, – деді Президент бұл ретте.

Мемлекет басшысы сондай-ақ, елімізде өндірілетін тауарлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру мен сапаны бақылаудың заманауи жүйесін енгізуге мықтап назар аудару қажеттігін еске салды.

– Кәсіпорындардың бизнес-процестеріне жасалатын диагностика осы саладағы жаһандық үрдістерге сай болуға тиіс. Бұл жерде, ең алдымен, цифрландыру және Индустрия 4.0 элементтерін пайдалану туралы сөз болып отыр. Осыған байланысты «Алтын сапа» конкурсының талаптарын Сапаны басқарудың еуропалық қорының (EFQM) жаңа моделіне біртіндеп сәйкестендіру керек. Біз үздік халықаралық үлгілер мен тәжірибелерге сай болуымыз қажет, – деді Президент.

Өнеркәсіп саласында білікті мамандар жетіспейді. Бұл – индустрияландыру үдерісін тежейтін факторлардың бірі. Мемлекет басшысы атап өткендей, 2025 жылға қарай 500-ге жуық индустриялық жобаны іске қосу жоспарланып отыр.  Үкімет аталған өндіріс орындарында жұмыс істейтін білікті кадрларды осы бастан дайындауы керек. Жас мамандарды қолдау әркезде маңызды. Мемлекет тарапынан тиісті субсидиялар қарастырылғанымен әлі де жеткіліксіз. «Үкімет «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, жұмыспен қамтуды және қызметкерлердің біліктілігін арттыруды ынталандыруға бағытталған қосымша шараларды пысықтауы қажет», – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Отандық кәсіпкерлер мен Қазақстандағы халықаралық компаниялар әлеуметтік жауапкершілік қағидасын әрдайым берік ұстанады. Оның айғағын індет кезінде көрсетті. Бұдан бөлек биылғы «Парыз» байқауына қатысушылар әлеуметтік жобаларға және қайырымдылық шараларға 20 миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсағаны атап өтілді. Олар 7 мың жаңа жұмыс орнын ашқан. Мемлекет басшысы халықтың әл-ауқатын арттыруға, ел экономикасын көтеруге атсалысқан барша бизнес өкілдеріне шынайы ризашылығын білдіріп, конкурс жеңімпаздарын жариялады.

Сонымен биыл «Алтын сапа» конкурсының «Үздік индустриялық жоба» номинациясын «YDD Corporation» ЖШС (Қарағанды облысы) иеленді. «Үздік инновациялық жоба» номинациясы бойынша «Агрофирма TNK» ЖШС (Ақмола облысы) үздік атанды. «ПО Глобал-Спецодежда» ЖШС (Ақтөбе облысы) мен «Karachaganak Petroleum Operating B.V.» ЖШС-нің қазақстандық филиалы (Батыс Қазақстан облысы) «Парыз» конкурсының бас жүлдесін иеленді. Жеңімпаздарға жүлделерді Премьер-Министр Асқар Мамин табыстады.

«Парыз» республикалық конкурсы «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын», «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын», «Үздік ұжымдық шарт», «Экологияға қосқан үлесі үшін» номинациялары мен «Жылдың үздік әлеуметтік жобасы» арнайы жобасынан тұрады. Олардың ішінде жеңімпаздарды анықтаудың іріктеу шарттары (критерий) бекітілген.

Осы жылы «Парыз» конкурсына қатысуға облыс бойынша барлығы 24 өтінім түскен. Нәтижесінде «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша қызылордалық «KAP Technology» ЖШС «Парыз» сыйлығының күміс жүлдесіне ие болды. 

Айта кетейік, «KAP Technology» ЖШС-нің негізгі міндеті – «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ холдингінің қызметін автоматтандыру, роботтандыру және цифрландыру. Серіктестік құрамында Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен қалаларында және Таукент, Қыземшек, Шиелі елді мекендерінде орналасқан алты аумақтық бөлімше бар.

Сондай-ақ, дәстүрлі шарада ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын табыстау рәсімі өтті.

Биыл конкурсқа қатысу үшін Қызылорда облысынан 4 кәсіпорын – «Абай-Дәулет» ЖШС, «Алтын Орда» ЖШС, «МИР-2001» ЖШС және «Сана сезім» ЖШС өтінім берді.

Нәтижесінде «Абай-Дәулет» ЖШС және «Алтын Орда» ЖШС «Алтын сапа» сыйлығының лауреаттары атанды.

«Абай-Дәулет» ЖШС «Азық-түлік тауарларын және/немесе ауылшаруашылық өнім шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша үздік атанды. Компанияның директоры Мұрат Сәрсенбаевқа сыйлықты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов табыстады.

Компания өз жұмысында Сапа менеджменті жүйесіне, Тамақ өнімдері қауіпсіздігі менеджментіне сәйкестік сертификаттарын басшылыққа алады және осы стандарттардың барлық сапалық талаптарын орындайды. «SYR DANI» брендімен күріш жармасы ел ішінде жоғары сұранысқа ие және Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Украина, Тәжікстан елдеріне экспортталады.

Ал «Алтын Орда» ЖШС «Халыққа арналған тауарларды шығаратын үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша «Шағын кәсіпкерлік субъектісі» санатында жеңіске жетті. Компанияның директоры Рахымжан Ералиевке марапатты ҚР Премьер-министрінің орынбасары Роман Скляр табыс етті.

«Алтын Орда» ЖШС – қарқынды дамып келе жатқан қазақстандық кәсіпорын, нарықта «Ассоль» және «Safia» брендімен йодталған ас тұзын өндіруші ретінде танымал. Сондай-ақ, компания Қызылорда қаласындағы қоймалық жылжымайтын мүліктің ірі меншік иесі. Кәсіпорын қызметінің негізгі бағыттарына ас тұзын өндіру және сату, көтерме және бөлшек сауда, үй-жайларды жалға беру қызметтері кіреді.

Жалпы, ҚР Президентінің «Алтын сапа» сыйлығын алуға арналған конкурс 2006 жылдан бастап жыл сайын өткізілуде. Сыйлық белгілі бір ұйымның өнімдер мен қызметтерінің сапасы, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі жоғары нәтижесі, сондай-ақ сапаны басқарудағы тиімді әрі озық әдістер енгізгені үшін беріледі.

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<