Денсаулық сақтау министрлігі үздіктерді анықтады. Елордада «Дені сау ұлт» медициналық саммиті аясында өткен «Altyn shipager» дәстүрлі медициналық жүлдесінде көпбейінді облыстық аурухана «Үздік облыстық аурухана» номинациясы бойынша үштікке еніп, финалист атанды. Министрліктің марапатын денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазылов аурухана ұжымына табыстады.
− Дәстүрлі медициналық «Altyn shipager» жүлдесін алу – үлкен жетістік. Бұл − баршаңыздың қажырлы, жедел әрі сапалы мамандандырылған медициналық көмек көрсете білген еңбектеріңіздің жемісі. Марапат құтты болсын! − деді ол.
Жүз алпыс сегіз жылдық тарихы бар емдеу ұйымы алғаш әскерилерге көмек көрсету үшін құрылған. Кейін қызметі де, аумағы да кеңейіп, жаңа ғимаратқа көшті. Еңбек ұжымы қазіргі заманғы тиімді медициналық технологияларды қолдана отырып, облыс тұрғындарына жоғары сапалы мамандандырылған медициналық көмек көрсетуде. Мұнда 211 дәрігер, 610 медбике, 327 кіші буын және 237 басқа да қызметкер бар. Көпбейінді ауруханада білікті мамандар жұмыс істейді. Дәрігерлер мен мейіргерлер − өз ісінің майталмандары. Олардың 70-і – Денсаулық сақтау ісінің үздігі, 2-і − медицина ғылымдарының кандидаты. Шет мемлекеттерде біліктілігін арттырған жоғары санатты мамандар еңбек етеді. Пандемия кезінде аурухананың ота жасау, жансақтау бөлімінің мамандары да үйге қайтпай еңбек етті. Біз бүгін қабылдау бөлімінің қызметіне тоқталуды жөн көрдік.
Қабылдау бөлімі жыл он екі ай, жеті күн, жиырма төрт сағат бойы жұмыс істейді. Онда жедел ота жасау, жедел реанимациялық көмек көрсету, кіші ота жасау, іріңді жарақаттарды таңу, құтыру ауруына қарсы екпе жасалатын бөлмелер, компьютерлі томография бар. Мұнда түскен науқас әуелі осы бөлімде толық тексеріледі.
Дертін анықтау үшін барлық талдамалар алынып, жылжымалы медициналық құралдармен зерттеледі. Науқасқа жылжымалы электрокардиограмма, УДЗ, рентген аппараттары әкелінеді. Жарақат бекеті, аса қауіпті инфекциялық аурулардан оқшаулау бөлмелерімен қамтылған. Бұл бөлімде 25 дәрігер, 45 орта буын, 23 кіші буын маман қызмет етеді.
Пандемия уақытында өз денсаулығына төнген қауіпке қарамастан табандылық танытты. Меңгеруші дәрігер-терапевт Айдарәлі Әбілғазиев − жас та болса білікті кадр. Атышулы індет қос өкпеден қысқанда дертіне шипа іздеген халықтың бар үміті дәрігерлерде еді. Осы қиын сәтте облыстық көпбейінді аурухана да емделушілерге толды. Ауруханада 6 фильтр бөлімі болды. Олардың әрқайсында 18 палата, әр палатада 3-4 науқастан жатты. Бұл уақытта Айдарәлі Әбілғазиевке фильтр бөлімінің басшысы қызметі қоса жүктелді. Білікті маман жүктелген міндеттерді алып шығу оңай болмағанын айтады.
− Қабылдау бөлімінің қызметіне фильтр бөлімі қосылды. Вирус жұқтырғаны анықталғанша біз науқастармен тікелей байланыста болдық. Қанша қорғаныш киімі бар десек те, өз денсаулығымызға қауіп төніп тұрса да, оларды оқшаулап, қажетті медициналық көмек көрсеттік. Бөлім дәрігерлері де, мейіргерлері мен кіші қызметкерлері де арнайы қорғаныш киіммен жүрді. Вирус жұқтырған емделушілермен тікелей байланыста болды. Үйімізді, отбасымызды ұмыттық. Біз ондағы әрбір емделушіні 24 сағат бойы үздіксіз оттегімен қамтамасыз еттік. Бар мақсатымыз науқастардың жанын аман алып қалу еді, − дейді дәрігер.
Еліміздегі коронавирус ахуалын зерделеп, мекемені аурудың өршитін кезеңіне қызмет көрсетуге дайындаған аурухана директоры Нұриддин Әмитовтің еңбегін айтпасақ болмас. Іскер басшы мамандардың жедел әрі сапалы қызметін үйлестірді. Нәтижесінде ауруханаға түскен науқастар сауығып шығып жатты. Облыс әкімдігінің қолдауымен, «ҚазГерМұнай» АҚ демеушілігімен жаңадан оттегі станциясы іске қосылды. Дәрі-дәрмектен де тапшылық болмады.
Қаңтар оқиғасы кезінде де аурухана күшейтілген режимге көшті.
− Қабылдау бөліміне келушілер күрт көбейді, − дейді бөлімнің аға мейіргері Сәнім Өтегенова.
− Түскі екіден бастап кешке дейін көптеген науқастар әкелінді. Түрлі жарақат алған. Бөлім мейіргерлері қанша қиын болса да, табанды еңбек етті. Бәріне жедел көмек көрсеттік. Тіпті үлгермей жатқан соң аурухана директорынан бастап барлық дәрігерлер төменге түсті. Өз мейіргерлерімізді түнгі ауысымға алып қалдық. Басқа бөлімшелерден де әріптестеріміз көмекке келді, − дейді ол.
Бұл жердегі қарбалас, үміт артып келген науқастардың өміріне араша түсуге ұмтылған дәрігерлердің қимыл-қарекеті ешқашан саябырсымайды. Өйткені бұл бөлім − алып механизмнің моторы іспетті.
Гүлбану МАҚАЖАН,
Суретті түсірген Н.Нұржаубай
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<