Зілтеміршілер 10-16 наурыз аралығында Сыр топырағында бас қосты. Ауыр атлетикадан ел чемпионаты «Евразия» спорт кешенінде өтті. Байрақты бәсекеде 16 команда, 190 спортшы жекелей және командалық сайыстар бойынша бақ сынады.
Жарыс жолында әрбір қатысушыға жұлқи және серпи көтеру бойынша 3 мүмкіндіктен берілді. Қоссайыс нәтижелері қорытындыланып, әр салмақтың жеңімпазы анықталады. Сондай-ақ, ауыр атлетикадан биылғы жылдың басты додасына ерлермен қатар қыздар да айрықша атсалысты.
Жарыс қорытындысы бойынша, ерлер арасында жетісулықтар топ жарды. Екінші орынды Шығыс Қазақстан облысынан келген спортшылар еншілесе, үздік үштікті алматылықтар қорытындылады. Ал әйелдер арасында жетісулықтар тағы да басты орыннан көрінді. Қостанайлық қыздар екінші болса, Ақмола облысының құрамасы үшінші орынды қанағат тұтты. Ал жекелей есепте сырбойылықтар жақсы өнер көрсетіп, екі рет І орын, үш рет ІІ орын және екі рет ІІІ орынды қанжығаға байлады.
Енді топ жарып, сұрыптан өткен спортшылар мамыр айында Оңтүстік Корея елінде өтетін Азия біріншілігінің іріктеу кезеңіне ел құрамасымен бірге аттанады. Жеңімпаздарға медаль мен грамоталар берілді. Шара соңында ауыр атлетика федерациясының президенті Темірхан Кенжебаев чемпионатта жеңімпаз, жүлдегер атанған Сыр спортшыларына қаржылай сыйлық табыстады.
Ауыр атлетика аламанына Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен 13 облыстың спортшылары қатысты. Сайыста ерлер мен әйелдер 10 салмақ дәрежесі бойынша мықтыны анықтады. Олардың арасында жаңа есімдермен қатар құрлықтық бәсекелерде топ жарып жүрген танымал спортшылар да бар. Сондай-ақ, бұл бәсеке алдағы Азия чемпионатына іріктеу турнирі болды. Алайда қатысушылар саны өткен жылдарға қарағанда айтарлықтай аз.
Ақтілек БІТІМБАЙ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<