Облыстық медициналық орталықтағы көз аурулары бөлімшесінде Сәкен Шілманов атты алтын қолды дәрігер бар. Осы азаматтың арқасында жанарым жарық дүниені көруге жараған жанның бірімін. Талай жанға жарық сәулені көру бақытын бұйыртқан дәрігерге алғысым шексіз.
Осы орталықтағы қыздар да өз ісінің мамандары. Соның бірі – офтальмолог-дәрігер Әсел Оспанова. Әсел Бақытбекқызы С.Асфандияров атындағы қазақ ұлттық медицина университетінің түлегі. Осыдан 4 жыл бұрын осы бөлімшеде жұмысын бастаған дәрігер қазір білікті мамандардың біріне айналған. Глаукомаға шалдығып, айналам мен аяқ жолымды көруім мұңға айналған менің жанарымды емдеп, жаныма жылу сыйлаған Әселге ризашылығын білдірген жұрттың лебізін жиі естимін.
Бөлімше медбикесі Гүлжайна Ысмағұлованың еңбегі мен жанашырлығы алаң көңіл науқастардың көңілінен шығады. Сол сияқты, Гүлмира, Бота, Ғалия, Мира мен Камария секілді мамандардың да жемісті еңбегін айта кетуді жөн көрдім.
Әйелдердің халықаралық мерекесі қарсаңында қабағына кірбің ұялаған жандардың жанына шуақ сыйлаған ақ халатты абзал жандардың еңбегінің жемісті, өркендерінің өрісті болуын тілеймін.
Нұржамал ДӘУЛЕТОВА,
ем алушы.
Шиелі ауданы.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<