Амал – Әз-Наурыздың бастауы

376

0

А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйі жанындағы «Достық» аллеясында Амал мерекесіне арналған «Амал келді, жыл келді» атты мәдени шара ұйымдастырылды.

Наурыз нақыштарымен безендіріліп, мерекеге сай ажарлана түскен аллеяда қала тұрғындары мен қонақтарға арнайы киіз үй тігіліп, келушілерге ұлттық дәм ұсынылды. Жігерлі жігіттер арасында арқан тартыс ұйымдастырылса, кимешек киген кейуаналар мен ұлттық киімі жарасқан жастар сызылта ән салды. Жиналған жұрттың бірлесіп тал отырғызуымен басталған игілікті шараның алғысөзі қала әкімі Серік Қожаниязовқа берілді.

– Мәшһүр Жүсіп жазбаларында 14 наурызды көктемнің алғашқы күні деп атап, Наурызнама мейрамының тойлануы баяндалған. Биыл елімізде 14-23 наурыз аралығында Наурызнама онкүндігі аталып өтіледі. Осы уақыт аралығында әр күнге ерекше атау беріліп, салт-дәстүріміз, әдет-ғұрпымыз жан-жақты дәріптеледі. Міне, бүгін – сол дүбірлі тойдың беташар сәті. Қатар келген оразамыз қабыл болып, Амалдан Амалға аман-есен жете берейік! – деген тілегін жеткізді қала әкімі.

Шарада Тұрлыбек Ділдабаев, Талғат Жаңалықұлы халық әндерінен попури орындаса, әжелер ансамблінің әндері де мереке арайын ашты. Сонымен қатар сахнаға құрақ көрпешелер жайылып, ақжаулықты әжелер «Бесік салар» дәстүрін жасады.

Н.Темірбай, А.Таңатаров, Д.Тілеубергеннің концерттік бағдарламасымен қатар мерекелік шарада бүлдіршіндердің тұсаукесер рәсімі жасалып, қала әкімінің атынан қос бөбекке тарту-таралғы ұсынылды. Ардагер Болатбек Пұсырман елдіктің асыл мұраттары  туралы тағылымды ой айтып, ақ батасын берді.

Айта кетейік, аталған шараға қалалық мәслихат төрағасы Ибадулла Құттықожаев, Ы.Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының басқарма төрағасы Сұлтанбек Тәуіпбаев және ардагерлер арнайы қатысты.

Амал – табиғаттың мерекесі. Жыл бастауындағы шуақты мерекеге келген қала тұрғындарының көзі де, көңілі де әуезді ән мен шат-шадыман көңіл күйге тойып, алдағы Ұлыстың ұлы күніне дайындықты бастап кеткендей.

Дина БӨКЕБАЙ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<