Шығыс күнтізбесінің Жаңа жылы – Наурыз мерекесіне де аз уақыт қалды. Ал, Қазақстанның батыс өңірі мерекені тойлауды бстап кетті.
Бұл жақта жұрт Наурыз мерекесінен бір апта бұрын бір-бірімен көрісіп, қыстан аман-есен шығуымен, жылдың келуімен құттықтайды. Бертін келе, бұл күнді еліміздің әр өңірі қарсы алып жүр. Дегенмен де, Амал мерекесі деп аталатын бұл ғұрыпты Батыс Қазақстан жұрты ғана сән-салтанатымен тойлайды. Он төртінші наурыз. Бұл күн – «қырдағы елдің ойдағы елмен араласып, күлімдесіп, көрісіп, құшақтасатын мезеті. Иә, айдан аман, жылдан есен шыққан жандар жаздың жайын ойлайтын, қыстың сызы қайтатын уақыт. Көрісу жоралғысының кей өңірлерде ұмытыла бастауына кеңестік идеология әсер еткен. Жалпы, «амал» атауы қайдан шыққан, көрісу күні қашаннан бері тойланады, қалың қазаққа қатысы қанша?
Батыс жұрты ғана емес, аталған мерекені бұрын барша қазақ тойлаған. Бұл туралы деректер қазақ ойшылдарының еңбектерінде де кездеседі, этнографтар да растайды. Наурыз ескіше үт жұлдызы мен қамал жұлдызының тоғысуы кезінде пайда болған. Үт айы ескіше – ақпан, ал қамал наурыз айына сәйкес келеді. Арабша амал, парсыша қамал деп аталған. Қазақтар амал деп те, қамал деп те айтады. Бұл мереке осы жұлдыздардың тоғысуы кезінде пайда болған. Ескіше 13-14 наурызға сәйкес келсе, жаңаша наурыз айының 21-22 жұлдызына келеді. Жұлдыз аттарын қазақтар қаңтардан бастап амал, сәуір, саратан, зауза, әсет, сүмбіле, мизам, ақырап, қауыс, жәді және үт деп атаған. Үт айы келген кезде (жаңаша ақпан) «үт келді, құт келді» дейді. Сыр бойындағы қазақтар үшін үт келген кез жаздың жақындап қалғанын білдіреді.
Көрісу күнінің тарихы туралы халық арасында әртүрлі болжам мен пікірлер айтылып жүр. Қатынайтын көлік құралы ат пен арба болған заманда алды 3 ай, арты 6 ай қыста бір-бірінен байланыс үзген тұрғындар қар еріп, күн жылынғанда қайта қауышып, көріседі екен. Сондай-ақ, сол күн наурыз айының ортасына тұспа-тұс келген, сол дәстүрден осы Амал мерекесі пайда болды деген болжам бар.
Демек, бабаларымыз Ұлыстың ұлы күнін тойлауды он төртінші наурызда бастаған. Деректерге сүйеніп, қазақ ойшылдарының сөзіне сенсек, он төртінші наурызда Жаңа жыл басталады! Наурыз – жаңару, тазару, құрметтеу, кешірім сұрау деген ұғымдарды біріктіретін мереке. Ендеше, оның алғашқы күнінің көрісу жоралғысымен басталуы заңдылық сынды. Көрісу салтын әлі де толық зерттеп-зерделеп, бұл тұрғыдағы нақты пайымдарды бір ізге түсіретін мезгіл жеткен сияқты. Ал, мемлекеттілікті нығайтып, тәуелсіздікті тұғырландыра түсуде ұлттық салт-дәстүрлерімізді айшықтайтын мерекелерді орнымен пайдалану қажет.
Аружан ЕРАЛЫ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<