AMANAT: атқарылған істер мен алдағы міндет

425

0

«Достық үйінде» «AMANAT» партиясы облыстық филиалының кезекті есеп беру-сайлау конференциясы өтті. Онда 2021-2022 жылдардағы жұмыс қорытындыланды.

Алқалы жиынға «AMANAT» партиясының хатшысы Ержан Жылқыбаев, ҚР Парламенті Мәжілісіндегі фракция мүшесі Мархабат Жайымбетов, партия филиалының саяси кеңесі мен саяси кеңес бюросы мүшелері және партияның аумақтық филиалдарынан сайланған 249 делегат қатысты.

Филиал төрағасы Наурызбай Байқадамов атқарылған жұмыстарға тоқталып, есепті мерзімде сайлауалды бағдарлама бойынша жоспарланған 1499 іс-шараның 97 пайызы орындалғанын атап өтті.

– Балабақшалар желісінің өсуі нәтижесінде 2-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен қамтылуы 88,8 пайызды құраған. Ал 3-6 жастағы балалардың қамтылуы 100 пайызға орындалған. Өңір тұрғындарының «көгілдір отынды» пайдалану деңгейі 70 пайызды құрайды. Оның ішінде қала тұрғындары 100 пайыз, ауыл тұрғындары 50 пайыз қамтылған. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 75 пайызға жетпек, – деді филиал төрағасы.

Жиында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов сөз алып, есепті кезеңде атқарылған жұмыстарға оң баға берді.

– Мен есепте айтылған жұмыстарды кеше ғана ауыл-аймақтарды аралап, көзбен көрдім. Халықпен тілдесіп, жағдаймен таныстым. Онда көтерілген мәселелер партияның алға қойған міндеттерінде көрініс тапқан. Енді сайлауалды уәделердің уақытылы және сапалы орындалуына Мәжілістен бастап барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракция мүшелері, партия филиалдары мен бастауыш ұйымдары жұмыла жұмыс жасауымыз керек, – деді Мәжіліс депутаты.

Мұнан соң қалалық мәслихаттағы депутаттық фракция жетекшісі Талғат Мақашов, Жалағаш аудандық филиалына қарасты «Қаракеткен» бастауыш партия ұйымының төрайымы Мирамкүл Жүсіпова, Қазалы аудандық «Жастар рухы» жастар қанатының төрағасы Нұрбек Ақпанбетов сөз сөйлеп, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Конференция қорытындысында «AMANAT» партиясының хатшысы Е.Жылқыбаев сөз алып, тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту мен партия жұмысын күшейту бағытындағы алдағы мақсат-міндеттерді атап өтті.

Жиын барысында күн тәртібіне сәйкес партия филиалының бақылау-тексеру комиссиясының есепті мерзімдегі атқарған жұмысы тыңдалып, саяси кеңестің және бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы сайланып, алдағы жұмыстары жоспарланды.

Тұрар БЕКМЫРЗАЕВ,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<