«Аmanat» партиясының нәтижелі жұмыстары

551

0

«AMANAT» партиясы облыстық филиалының кезектен тыс XXX конференциясы өтті. Онда партия ұйымының жылдық жұмысы қорытындыланды. Жиынға партия хатшысы Дәулет Кәрібек, партия филиалының саяси кеңесі мен саяси кеңес бюросы мүшелері, аумақтық филиалдардың атқарушы хатшылары, бастауыш партия ұйымдарының жетекшілері мен белсенділері, фракция мүшелері, «Жастар рухы» жастар қанатының өкілдері қатысты.

Конференцияда облыстық филиалдың атқарушы хатшысы Ләйлә Төрешова филиал мен облыстық мәслихаттағы фракцияның биылғы жұмысын қорытындылап, алда тұрған міндеттерге тоқталды. Атқарушы хатшының мәліметінше, жыл басынан бері тұрғындардан 3184 өтініш түсіп, олардың 78%-ы оң шешілген. Мұнан бөлек, 35 ауылда мобильді қабылдаулар өтіп, оларда көтерілген мәселелердің 53%-ы шешімін тапқан.

– Халықтың әртүрлі топтарымен бірігіп, қоғамдағы түрлі өзекті мәселелерді шешуге атсалыстық. «Жер аманаты» жобасы аясында жыл басынан бері ауыл шаруашылығы мақсатындағы заңсыз пайдаланылмай жатқан 257 жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылды. Алда интерактивті карта дайындалып, мақсатты пайдаланушыларға беріледі. Тұрғын үй мәселесін шешуде ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Жыл басынан 604 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 15 көпқабатты тұрғын үйге жаңғырту жұмыстары жүргізілді. 362 шақырым жол жөнделіп, қалыпты жағдайдағы жолдардың үлесі 80%-ға дейін ұлғайтылды. 5 мәдениет нысаны, 11 спорт кешенінің құрылысы жүргізіліп жатса, Қармақшы ауданы Қуаңдария елді мекенінде 100 орындық ауылдық клуб, Арал ауданы Аманөткел ауылы, Қазалы ауданы Пірімов ауылында 2 спорт кешені пайдалануға берілді. Елді мекендерді газдандыру деңгейі  68 пайызға жеткізілді. Келер жылы Сексеуіл, Пірімов, Жалаңтөс батыр, Басықара, Қалжан ахун, Төретам, Ақай, Жайылма Бірлік, Қыраш, Шалқия, Құттықожа, Кейден, Абай, Наурыз, Махамбет елді мекендері газдандырылады, – деді  атқарушы хатшы.

Конференцияда делегаттар партияның облыстық филиалының жаңа төрағасын сайлады. Бұл лауазымға облыстық мәслихат хатшысы Наурызбай Байқадамовтың кандидатурасы ұсынылып, бірауыздан қолдау тапты.

Жиын соңында «AMANAT» партиясының хатшысы Дәулет Кәрібек тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту мен партия жұмысын күшейту бағытындағы мақсат-міндеттерге тоқталды.

Айсәуле ҚАРАПАЕВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<