Аманжол Оңғарбаев – Арал ауданының әкімі

688

0

Кеше облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың төрағалығымен Арал ауданында өткен кадрлық өзгерістерге байланысты актив отырысында ауданның жаңадан тағайындалған әкімі таныстырылды.

Алдымен аймақ басшысы  ауданның бұрынғы әкімі Серік Сермағамбетовтің еңбегін атап өтіп, алғыс білдірді.

– Мемлекет басшысы өткен жылы қараша айында Әзербайжан Республикасының астанасы Бакуде Орталық Азия мемлекет басшылары қатысқан Біріккен Ұлттар Ұйымының Орталық Азия экономикаларына арналған Арнайы бағдарламасында (СПЕКА) Арал және Каспий теңіздерінің экологиялық, климаттық проблемаларына ерекше тоқталды. Биыл Қазақстан Халықаралық Аралды құтқару қорына төрағалық етіп, әлемдегі ең ірі тұйық су айдындарының бірі болған теңіз маңындағы қоршаған орта деградациясының алдын алуға ерекше мән береді. Серік Сағитжанұлының іскерлік қабілеті мен мол тәжірибесін ескеріп, өңірдегі ауқымы кең, міндеті жоғары басқармаға басшы етіп тағайындауды жөн көрдік, – деді аймақ басшысы.

Серік Сағитжанұлына  нәтижелі қызметі үшін Қызылорда облысының Құрмет грамотасы табысталды.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және Арал аудандық мәслихатының келісімдері негізінде облыс әкімінің өкімімен Арал ауданының әкімі лауазымына Оңғарбаев Аманжол Сақыпұлы тағайындалды.

– Аманжол Сақыпұлы – өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалымен жақсы таныс, аймақтың рухани-мәдени дамуы жолында аянбай еңбек еткен азаматтардың бірі. Аудан әкімі ретінде Мемлекет басшысының  тапсырмалары мен алға қойған міндеттерді жоғарғы деңгейде жүзеге асырып, өздеріңізбен бірге туған жерін өркендету жолында аянбай жұмыс жасайды деп сенемін. Арал топырағынан түлеген азамат ретінде Аманжол Сақыпұлына  халықтың сенімі мен жауапкершілік жүгі еселеп артатын болады. Бұған дейін де басшылық лауазымдарда мол тәжірибе жинаған маман ретінде  аудандағы ресурстарды барынша пайдалану керек. Бюджет қаражатын толық және мерзімінде игеріп, жобалардың сапалы жүзеге асуын қамтамасыз етіңіз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Арал ауданының жаңадан тағайындалған әкіміне  дамудың барлық макроэкономикалық көрсеткіштері бойынша оң параметрлерге қол жеткізіп,  қоғамдық-саяси ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету тапсырылды. Сондай-ақ инвестиция тарту, салық базасын ұлғайту, жаңа жұмыс орындарын ашу және кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру аса маңызды. Мал және балық шаруашылығы дамыған ауданның  экспорттық әлеуетін одан әрі жетілдіру қажет.

Актив отырысында  қоғам қайраткері Биғали Қаюпов, Арал, Қазалы аудандары мен Қызылорда қаласының Құрметті азаматы Айтбай Көшербаев, еңбек ардагері Әбілбай Садықбайұлы, Арал аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Әйімбетов жаңа қызметке тағайындалған басшыларды құттықтап, сәттілік тіледі.

Аманжол Сақыпұлы 1968 жылы Арал ауданында дүниеге келген. Қорқыт Ата атындағы Қызылорда педагогикалық институтын «Қазақ тілі мен әдебиеті», «Болашақ» университетін «Қаржы және несие», Қазақ гуманитарлық Заң университетін «Заңтану» мамандықтары бойынша бітірген. Филология ғылымдарының кандидаты.

Еңбек жолын 1986 жылы қарапайым жұмысшы болып бастаған. 1993-2000 жылдары облыстық тіл басқармасының бірінші категориялы маманы, Ұлт саясаты жөніндегі облыстық комитеттің жетекші маманы, облыстық «Ақмешіт апталығы» газеті бас редакторының орынбасары лауазымдарында еңбек етті. 2000-2010 жылдары «АSU» баспа үйі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры, «Халық» газетінің бас редакторы, директоры лауазымдарында абыройлы қызмет атқарған. 2010 жылдан бері құрамына 3 облыстық, 1 қалалық және 7 аудандық редакция, ақпараттық агенттіктерді біріктірген «Сыр медиа» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бас директоры қызметін атқарып келді. Қызылорда облыстық мәслихатының V, VII, VIII шақырылымдарының депутаты ретінде өңірдің және осы ауданның өзекті мәселелерін көтеріп, шешілуіне атсалысты.

Облыс әкімінің  баспасөз қызметі

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<