Айнала аппақ қар. Жапан далада алыстан үш сұлба көрінді. Бірі – ұзын бойлы, жасы отыздарға таянған, көзінің астына сәл ғана әжім түскен, өңі солғын, арықша келген, үстіне әбден тозығы жеткен ескі көйлек киген әйел. Ал қалған екеуі ұзақ жолдан әбден шаршаған әлгі әйелдің балалары – он-он екі жас шамасындағы ер бала және құндақтаулы қыз бала. Аналарының серігіне айналған бұл сәбилер алдарында не күтіп тұрғанынан бейхабар. Әйтеуір, өздері үшін таусылмастай көрінетін ұзақ жолда аналары басқан ізбен ілбіп келеді. Бір мезетте әбден қалжыраған ұлы аяғы тайып, шалынып құлады. Анасы жанына дереу келіп, баласын тұрғызды. Үшеуі биіктеу тастың үстіне отырып, біраз демалды. Қараса, кеш түсіп, күн бата бастаған. Айналаны қараңғы басып, айдаладағы үшеудің жүрегіне қорқыныш ұялады. Күннің суығы өңмендерінен өтіп, қарындары қатты ашты. Тіпті құндақтаулы сәбидің жылауға әлі келмей, әлсін-әлсін дыбыс шығарып қойды. Кенеттен бір ұлыған дауыс шықты. Ұлының зәре-құты қашып, анасына жәутеңдеп көз салды. Анасы лезде орнынан түрегеліп, жүрегі бір жамандықты сезгендей, жылдам жүріске салды. Жаңағы ұлыған дауыс енді тіпті жақыннан естілді. Анасы кілт тоқтап, артына бұрылса, шоқтай жанған екі көзді көрді. Ентелеп жүгірген аш қасқыр тура өздеріне қарай ұмтылып келеді. Анасы балаларын сүйреп жүгіре жөнелді. Жан-жағынан тасыр-тұсыр дыбыстар естіліп, айнала у-шу болды. Желмен жарыса жүгірген ана қарға аяғы әбден батып, жүрісін бәсеңдетті. Бір мезетте өздеріне жақындап қалған бірнеше бөрілерді көзі шалды. «Ажалымыздың жеткен жері осы болар», – деп қарға отыра кетіп, өміріне лағынет айта бастады. Көздері жасқа толып, ештеңені байқамады. Кенет өзін түртіп, тұрғыза алмай жатқан баласының жылаған даусынан есін жиып алды. Иә, ол бұл жолы жалғыз емес еді. Жанының ең асыл бөлшектерінің де өміріне жауапты. Бауыр еті балаларының өмірі үшін қасық қаны қалғанша күресуге тиіс. Ол екеуі қалай да тірі қалуы қажет. Ананың бойын бір тылсым күш билегендей атып тұрып, жан-жағынан анталаған аш бөрілерге қарай ұмтылды. Бірінен соң бірі жас анаға шабуылдап, біресе қолын, біресе аяғын тістелеп өтіп, қанжоса қылды. Дегенмен, ананың берілер түрі жоқ. Ол да қасқырлардан қалыспай, балаларының өмірі үшін аянар емес. Ұзақ айқастан соң, ана өзінің аш бөрілерге әлі келмесін ұқты. Оның қабағы қара бұлттай түйіліп, жанары жасқа толып, бүрісіп отырған екі сәбиге жалт қарады. Дереу жандарына сүріне-жығыла жетіп барып: «Қашыңдар, боталарым! Қарындасыңды ал да, алға қарай жүре бер. Сен екеуің қалай да өмір сүресіңдер! Мен осында қалып, қасқырларды бөгеймін!»-деді. Онсыз әбден шошынып қалған ересек бала «Жоқ, анашым. Сені тастамаймыз. Сенсіз қалай өмір сүреміз? Біздей екі бейбақты жалғыз жібере көрме» деп еңкілдеп жылап та жіберді. Ананың жүрегі қанжылап ұлына аянышты көздерімен қарап, мойнындағы бойтұмарын алып: «Ұлым, бойтұмар сендерді қорғайды. Қарындасыңды құшағыңа ал да, дереу қаш!» – деді. Баласы анасының райынан қайтпайтынын біліп, қарындасын көтеріп, жүгіре жөнелді. Әлсін-әлсін көзінің жасын тия алмай, артына қайта-қайта қарайлап кетіп барады. Иә, оның бұл сәтті өмірінің соңына дейін ұмыта алмасы анық. Соңғы рет артына бұрылғанда, бір топ қасқыр анасына жан-жақтан тап беріп тістелеп жатты. Ал анасы болса, балаларының аман қалғанына қуанып, қолын балаларына қарай созып, өмірден өте барды. Одан кейін қап-қара түнек…
Жасы алпыстарға келген, шашының самайына ақ түсіп, қарттық меңдей бастаған көзілдірікті кісі телефон қоңырауынан селт ете қалды. Орнынан ауыр көтеріліп, телефон тұтқасын көтерді. Арғы жақтан:
– Алло, ағатай, қалыңыз қалай? Денсаулығыңыз жақсы ма? Бүгін сізге келейін деп едім, – деген бір әйелдің даусы шықты.
– Айналайын,шырағым! Сені асыға күтемін. Білесің бе, бүгін менің ойыма не оралғанын? Есіме батыр анамыздың ерлігі түсті. Сол бір қараңғы түн есімнен кеткен емес. Анамды сағындым. Оның көзі болып өмір бойына сақтап келген бойтұмарды енді саған берсем деймін.
Қарт кісі көзіне еріксіз жас алды. Телефонның арғы жағындағы дауыс та дірілдеп, «Анамыз мәңгілік жүрегімізде. Екеуміз әрбір алған деміміз үшін ол кісіге қарыздармыз. Аға, мен жолға шығып барамын» деп бәсеңдей берді.
Айдана ҚЫПШАҚБАЙ,
Қорқыты ата атындағы ҚМУ студенті.
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<