Ана мен бала амандығы алаңдатады

1237

0

Елімізде тұрғындардың денсаулығын жақсарту мәселесіне айрықша назар аударылып келеді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауларында әрдайым медициналық қызмет көрсетудің сапасы мен қолжетімділігін қамтамасыз етуді тапсырады. Әсіресе, ана мен сәби саулығын сақтау мақсатында нақты міндеттер жүктегені белгілі. Оған қоса Мемлекет басшысының бастамасымен биылғы жыл «Балалар жылы» деп жарияланды.

Расында, ұлт болашағы дені сау ұрпақпен байланысты. Олай болса, келешегіміз саналатын сол жеткіншектерге көңіл бөліп, қамқорлық көрсету, ана денсаулығын қорғау – басты міндет. Бұл орайда елімізде, оның ішінде Сыр өңірінде де ауқымды жұмыстар атқарылуда.

Облыс орталығы мен аудан-ауылдарда  медициналық мекемелер бой көтеріп, оларды заманауи құрал-жабдықтармен жабдықтауға қыруар қаржы бөлінуде. Қаншама дәрігер мамандарды оқытып, олардың біліктілігін арттыруда жүйелі жұмыстар да жасалуда.

Алайда бұл жұмыстар ана мен сәби саулығын сақтауда қаншалықты нәтижелі болып отыр? Республика, облыс көлемінде ана мен бала өлімі деңгейі қандай?  Осы сұрақтар кеше облыс әкімдігінде облыс әкімінің орынбасары Балжан Шәменованың қатысуымен өткен ана және сәби өлімін төмендетуге арналған штаб отырысында талқыланды. Отырысқа ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын сақтау департаменті директоры Мағрипа Ембергенова, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Ана денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шакизат Халықова, «Акушерия, гинекология және перинатология ғылыми орталығы» АҚ басқарма төрағасы Динара Мырзахметова және басқа да мамандар қатысты.

– Бұл – медицина саласының ең маңызды әрі өзекті мәселесі. Ана мен бала өлім көрсеткіші елдегі денсаулық сақтау жүйесі даму деңгейінің бейнесін көрсетеді. Қазақстанның 2025 жылға дейінгі даму стратегиялық жоспарында азаматтардың денсаулық  сапасын арттыру, қалалық және ауылдық жерлердегі медициналық қызметтің сапасын жақсартуды қамтамасыз ету көзделген. Осы орайда  ана мен бала денсаулығын қорғауға бағытталған арнайы жоспар бекітілді, – деген Мағрипа Хамитқызы жоспардың маңызын, негізгі бағыттарын жан-жақты түсіндірді.

Сондай-ақ, ол ана мен сәби өлімінің алдын алуда емханаларды жоғары сапалы УДЗ құрылғыларымен, генетик мамандарымен  қамтудың, скринингтік тексерулерді  мұқият жүргізудің, жүкті әйелдерді жіті бақылаудың маңызы зор екенін айтты.  Сонымен бірге Қызылорда жастар денсаулық орталығы бар жалғыз облыс екенін айтып, жеткіншектердің денсаулығы ерте бастан зерттеуге, саулығын қорғауға барлық мүмкіндіктің барын, осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану керегін тілге тиек етті.

Жалпы былтыр елде босану жасындағы әйелдер саны 4 млн-нан жоғары болып, алдыңғы жылмен салыстырғанда 425 мыңға артқан. Балалар саны 6 млн-нан жоғары. Есепті мерзімде босану саны  алдыңғы жылмен салыстырғанда, 23349-ға артық. Ал 2014 жылмен салыстырғанда дүниеге келген бала саны 45 мыңға көп. Кадрмен қамтамасыз ету бойынша, акушер-гинекологтар 91,4 процент, неонатологтар 83,8 процент. Жалпы медициналық құрал-жабдықтармен жабдықтау көрсеткіші –  85,9 процент. Былтыр ана өлімі  22,6 процентке артқан. Оның басты себебі коронавирус инфекциясымен байланысты. Бала шетінеуіне байланысты айтсақ, 5 жасқа дейінгі балалар өлімі 6,5 процентке төмендеген. Керісінше, бір жасқа дейінгі балалар арасында өлім көрсеткіші 5,2 процентке көбейген. Біздің облыста биылғы алғашқы тоқсанда 74 бала шетінеген. Былтыр бұл көрсеткіш 39 еді. Оның ішінде, қалаға қарасты №4 емхана, Жаңақорған, Шиелі аудандары көш бастап тұр.

– Осы орайда «бала өлімі неге екі есе көбейіп отыр?» деген сұраққа жауап іздеу керек. Бұған дейін себебін мерзімінен бұрын босану дегенмен түсіндіріп келдіңіздер. Бірақ сараптай келе, сіздерде мерзімінен бұрын босану көрсеткішінің қалыпты екенін байқадық. Демек, себеп басқада. Осы мәселені басқарма басшысы жіті зерттеуі керек. Сонымен қатар ана өлімі бойынша да  бірінші тұрсыздар. Биылғы жылдың алғашқы тоқсанының өзінде екі ана өлімі тіркелді, – деп атап өтті Шакизат Халықова.

Ол сондай-ақ, туабітті ақауы бар балалардың, оның ішінде дауна диагнозымен дүниеге келетін сәбилердің де жиі кездесіп отырғанын жасырмады. 

–    Мәселен, 18 жасқа дейінгі туабітті ақаумен есепте тұрғандар арасында 167 даунамен туған бала бар.  Бұл жүктілік кезінде скринингтік тексерулердің сапасыз жүргізілетінін көрсетеді. Жалпы облыста скринингтік тексерумен қамту көрсеткіші жоғары, әйтсе де, туабітті аурумен дүниеге келетін балалар саны да көп болып отыр,– деді Шакизат Жақсынбетқызы.

Жиында мамандар ана мен бала өлімінің басты себептері ретінде медициналық бақылаудың дұрыс жүргізілмейтінін, ұйымдастыру жұмыстарының нашарлығын, кадр тапшылығы, мамандар жүктемесінің көп болуын, құрал-жабдықтардың жеткіліксіздігін атады.

Айнұр БАТТАЛОВА,

«Сыр бойы»

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<