Ана мен бала саулығына қызмет етеді

2136

0

Халықаралық әйелдер күні мерекесі қарсаңында облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың қатысуымен Қызылордадағы көпбейінді облыстық аурухана базасында 70 орындық перинаталдық бөлімнің ашылу рәсімі өтті. Бұл игілікті қадам арқылы сырбойылық аналардың денсаулығын қорғау бағытындағы жұмыстарға жаңа серпін берілмек.

– Бұған дейін Қызылордада босанған әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көмек көрсететін жалғыз медициналық ұйым – облыстық перинаталдық орталық ғана болған. Жаңадан ашылған бөлім перинаталдық орталықтың жүктемесін азайтады, түрлі сырқаты бар жас аналарға, жүкті әйелдерге көмек көрсетеді. Бөлімді ашуға, оны қажетті медициналық құрылғылармен қамтамасыз етуге бюджеттен 1 млрд теңге қаржы жұмсалды. Бұл – өңірдегі қолға алынған жұмыстардың бір бөлігі ғана. Әрине, мұның барлығы аймақ халқының бекем бірлігі мен тату тірлігінің арқасында жасалуда. Алдағы уақытта ел игілігі жолындағы мақсатты жұмыстарды өздеріңізбен бірге жүйелі түрде, үздіксіз жүргізе береміз. Бүгін іске қосылатын МРТ аппараты және 70 орындық перинаталдық бөлім халық денсаулығын жақсартып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыра түседі деп сенеміз, – деді Нұрлыбек Машбекұлы.

Іс-шарада ҚР Денсаулық сақтау министрлігі ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова, Денсаулық сақтау ісінің үздігі, Қызылорда облысының құрметті азаматы Тұрғанбай Маханов әріптестерін құттықтап, ізгі тілегін арнады.

Жаңа бөлімде 5 жеке босану бөлімшесі бар. Босанған әйелдерге арналған 30 төсектік, асқынулары бар жүктілер патология бөлімі 20 төсектік, жаңа туған нәрестелерге қарқынды ем көрсететін 6 төсектік, нәрестелерге реанимациядан кейінгі  емнің II кезеңі жүргізілетін 20 төсектік неонаталды блогтан құралған.

Мұнда әйелдерді қабылдау жедел және жоспарлы түрде іске асады. Толығымен жаңа жабдықтармен жарақталған. Әр босану бөлмесі көпфункционалды керуеттер, нәрестеге алғашқы реанимациялық көмек көрсетуге арналған стол, әйелдер гемодинамикасын бақылауға арналған электронды мониторлар, жүрек соғысын қадағалайтын фетальді монитормен жабдықталып, әйелдің қалыпты босануына жағдай жасалған.

Тыныс алу жетіспеушілігі туындаған нәрестелердің жағдайын тұрақтандыруға арналған палатаға  инвазивті емес «сPAD» аппараты қондырылған. Неонатальді блок мерзімінен бұрын шала туған нәрестелерге қарқынды ем көрсетеді. Бөлімше жаңа «Ventus 3000» аппаратымен,  реанимациялық столдармен, жаңа фототерапия аппаратымен, жылулық тізбекті сақтайтын кювездермен қамтамасыз етілген.

Қарқынды емнен кейінгі II кезеңді күтімді қажет ететін нәрестелерге анасымен бірге болуға жағдай жасалған. Экстрогенді аурулардан жүктілігі асқынған әйелдер жүктілер патологиясы бөлімінде бақыланып, ем қабылдайды. Ауыр күйдегі асқыну туындаған жағдайда қарқынды ем көрсетуге және жедел, жоспарлы отадан кейінгі кезеңде тұрақтандыруға арналған 4 реанимациялық төсек-орын бар. Жылына осы бөлімде 2000-ға жуық әйел босанады деп жоспарлануда.

Айта кетейік, бүгінде Сыр өңірінде тұрғындардың медициналық қызметке қолжетімділігін арттыру, денсаулық сақтау инфрақұрылымын одан әрі жетілдіру мақсатында жаңа нысандар көптеп бой көтеруде.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен өңірімізде жалпы құны 11 млрд теңгені құрайтын 27 нысан салу көзделген. Өткен жылы елді мекендерде 15 жаңа дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық бекет ел игілігіне табысталып, қазір 30 мыңнан астам ауыл халқына қалтқысыз қызмет көрсетуде. Қалған 11 нысан, 1 ауылдық аурухана (Жаңақорған ауданы Төменарық ауылында) және Арал, Қазалы, Шиелі, Жаңақорған ауданаралық көпбейінді ауруханалары жанынан қосымша құрылыстар биыл салынып, ел игілігіне беріледі.

Қызылорда қаласында 36 млрд 400 млн теңгеге бір ауысымда 100 келушіге арналған емханасы және онкологиялық бөлімшесі бар 300 орындық көпбейінді аурухананың құрылысы басталды. Құны 2 млрд 900 млн теңгені құрайтын «Қан орталығы» Медицина қызметкерлері күні қарсаңында пайдалануға беріледі.

«СБ» ақпарат

 


>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<