Ең қауіпті мамандықтардың бірі – өрт сөндірушілердің қызметі. Олар күн сайын өз өмірін тәуекелге тігіп, тілсіз жаумен алысады. Талай адам өмірін аман сақтап, өз жұмысын адал атқарып келе жатқан жандар елімізде аз емес. Солардың бірі – Қызылорда қаласы №7 өрт сөндіру бөлімінің мамандары.
Бөлім жігіттерінің ерлігі жетерлік. Мәселен 30 сәуір күні сағат 18-ден 27 минут кеткенде «Қызылорда қаласы Сүлейменов көшесінде орналасқан көп қабатты үйден өрт шықты» деген хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер тұрғын үйдің үшінші қабаттағы түтін басқан пәтерінен анасы мен екі жасөспірім баласын құтқарып, қып-қызыл жалын ішінен аман алып шыққан.
Қызылорда қаласы №7 өрт сөндіру бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау капитаны Нұрлан Байкенжеев оқиға орнына жігіттерді бастап барған. Ал үш адамды құтқарған аға өрт сөндіруші, азаматтық қорғау сержанты Нұрбол Ибрашов пен өрт сөндіруші, азаматтық қорғау кіші сержанты Бердібек Майлыбаевқа тілсіз жаудан аман қалған ана мен баланың алғысы шексіз.
– Бүгінгі жастардың осындай ерлікке, батылдыққа барғанына, жігерлі болғанына біз мақтанамыз. Б.Момышұлы атамыз айтқандай: «Ешкімде іштей батыр болып тумайды. Батырлық та мінез секілді өскен орта, көрген тәрбиеге байланысты қалыптасады». Ұжымның жігіттері жерлестерін ажалдан арашалап, қауіп пен қатерден қорғауда аянбай еңбек ете беретін болады, – деді Н.Байкенжеев.
Өрт өр салғанда онымен бетпе-бет келіп, тілсіз жауды тізгіндеуде аянбай тер төгетін маман иелерінің жұмысы оңай емес. Өзгені ажалдан құтқару үшін кез келген уақытта осы ержүрек жігіттер өз өмірін қатерге тігіп, көмекке келеді. Тосынан тап беретін табиғат апаты орын алғанда да жанымыздан табылатын да осы азаматтар. Сондықтан өрт сөндірушілердің еңбегі ерлікпен тең.
Айдар САЙЛАУОВ,
«Сыр бойы»
>>> Біздің Facebook, Instagram парақшаларымыз бен Telegram каналымызға жазылыңыз! <<<